Кітапханадағы кеш көктем-көңіл сыйлады

Кітапханадағы кеш көктем-көңіл сыйлады
almaty-akshamy.kz

Алматының А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапханасында көктем мерекесіне орай «Әйел – ана, әйел – нұры ғаламның» деген тақырып шеңберінде әсерлі кеш өтті.

Кітапхананың жас оқырмандарымен жүздесуге «Almaty aqshamy» газетінің бөлім редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұржамал Әлішева, белгілі дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, республикалық «Айгөлек» журналының тілшісі Айым Алтайқызы және бүркітші ару Аяжан Даниярқызы шақырылған екен.

Қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген осынау нәзік жанды меймандар әйел-ананың орны, қазақ қызының болмысы, сондай-ақ мейірім, жылылық, отбасы, қазақы құндылықтар туралы ойларымен бөлісті. Оқырмандар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап беріп, сырласу кешін одан әрі әрлендіре түсті. Оқырмандарды әсіресе, Аяжан Даниярқызының Арын атты бүркіті көбірек қызықтырғандай. Жас құсбегінің бұл жолды қалай таңдағанын сұрап жатты жастар. Біз енді танылып келе жатқан бүркітші бойжеткенмен алдағы уақытта кеңірек сұхбат құратын боламыз.

Үкілі домбырасын құшақтай келген Айгүл әнші мерекелік кештің бояуын қанықтыра түскен «Әдемі қыз» әнін шырқап берді. Ал Айым ару сиясы кебе қоймаған өлеңін оқып берді.

Меймандар мен жас оқырмандар бірігіп қызықты ойын ойнады. Ол да екі тарапты жақындастыруға дәнекер болғаны анық. Кеш соңына қарай аруларға ер азаматтар ілтипат көрсетті. Атап айтсақ, жас ақындар Ержан Жұмабек пен Мағаз Ретбек қыз-келіншектерге, әйел-аналарға деген жүрекжарды тілегін жыр арқылы жеткізді.

Меймандарға ұсынылған қызғалдақтар да көктем жаршысындай болып жүректерді жылытты.