Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы Талдықорғанда өтеді

Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы Талдықорғанда өтеді
almaty-akshamy.kz

«Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауын 2018 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Бүгінге дейін бес рет өткен байқау көпшілікке жақсы танымал.

Осы доданың арқасында талай қаламы қарымы жазушы, журналистер, заңгер, құқық қорғаушылар детектив жанрында шығарма жазып, байқаудың тартысты өтуіне үлес қосты. Бұл шығармашылық сайыс сонымен бірге жас қаламгерлердің жаңа қырынан танылуына мүмкіндік туғызды. Мұның бәрі әдебиеттің кенжелеп қалған жанрының түрленуіне, жандануына ықпалын тигізгені анық.

Байқау жүлдегерлерінің үздік шығармалары топтастырылған «ШЫТЫРМАН» жинағы корпорацияның 2018 жылдан бергі еңбегінің жемісі, детектив жанрының дамуына қосылған қомақты үлес десек қателеспейміз.  

Ал биылғы детектив шығармалардың алтыншы байқауы жазушының 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Әрі биылғы шараға Жетісу облысының әкімдігі қолдау көрсеткенін айта кеткеніміз жөн.

Кемел Тоқаевтың туған өлкесінде өтетін байқаудың артықшылығы аз емес. Үміткерлердің байқау талабына сай келетін шығармалары республикалық «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарында жарық көреді.

Байқауға жолданған шығармалар zanmedia.kz сайтындағы ДЕТЕКТИВ айдарында жинақталып, көпшіліктің оқып танысуына, пікір білдіруіне мүмкіндік жасалады.
Шара аясында бұған дейінгі байқауларда бас жүлдені иеленген үздіктер Талдықорғанға арнайы шақырылып, шеберлік сабағын өткізеді.

ЕҢ БАСТЫСЫ, БИЫЛҒЫ БАЙҚАУДЫҢ ЖҮЛДЕ ҚОРЫ ДА ОСАЛ ЕМЕС.
Жетісу облысының әкімдігі Кемел Тоқаев атындағы байқаудың жеңімпазына 1,5 миллион теңге жүлде тағайындап отыр.
Одан бөлек:
1 бірінші орын иесі – 1 млн теңге;
2 екінші орын иесі – 750 мың теңгеден;
3 үшінші орын иесі – 500 мың теңгеден қаржылай сыйлық алады.

Жақсы істен Жетісу облысының сот, прокуратура, полиция және әділет департаменті де шет қалған жоқ. Бұл құрылым жетекшілері де байқаудағы үздік шығарма иелерін ынталандыру мақсатында бірнеше сыйлық тағайындап отыр.

БАЙҚАУ ЕРЕЖЕЛЕРІ:

Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауына жіберілетін шығармалар детектив жанрының табиғатына сай болуы керек;
Бір автор бірнеше шығармасын ұсына алады, іріктеу ұйымдастырушылар құзырына кіреді;
Мәтін Microsoft Word редакторында терілуі тиіс,  қарпі – Times New Roman, кегль — 14, жол аралық интервал – 1, түзетілуі  – енінен,    шет-шетінен – 2 см.. Үміткер өзінің аты-жөнін, төлқұжатының көшірмесін, ұялы байланыс номерін, электронды поштасын толық жазуы керек.
Шығармалар 2023 жылғы 15 қазан сағ 18.00-ге дейін қабылданады;
Белгіленген мерзімнен кешігіп жіберілген, конкурстың талабына сәйкес келмейтін, бұрын басқа байқауға қатысқан, сондай-ақ «Антиплагиат» жүйесінде авторлыққа сараптамадан өткізілмеген шығармалардың конкурсқа қатысуына жол берілмейді;
Қазанның 15-25 аралығында үміткерлер шығармасын қазылар іріктейді;
Байқау жеңімпаздарын марапаттау 8 қарашаға белгіленген.