Қазақстандық теннисшілер челленджер турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

Қазақстандық теннисшілер челленджер турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады
Сурет: Smartnews.kz

Әлемнің 190-ракеткасы Д.Евсеев іріктеу сайыстарының бірінші айналымында дүниежүзілік рейтингте 306-орында тұрған аустралиялық Люк Сэвилмен кездесті.

Бастапқы сетте аустралиялық теннисші 6:2 есебімен басым түскенімен, Евсеев таразы басын аудара алды – 6:1, 6:3. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта Денис 2 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қарсыласы 5 эйс, 5 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті. Әлемнің 222-ракеткасы Тимофей Скатов рейтингте орны жоқ тағы бір корт иесі Хью Уинтерді бір сағатқа жетпейтін уақытта 6:0, 6:2 есебімен оңай жеңді. Ол 2 эйспен бірге 5 брейк-пойнтты түгел пайдаланды.

Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 217-ракатеасы, босниялық Нерман Фатичпен, Тимофей Скатов рейтингте 1388-сатыдағы аустралиялық Кейси Хулмен таласады. Қарсыластарын жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады. Жүлде қоры 164 мың АҚШ долларына бағаланған аталмыш дода 1-7 қаңтар аралығында өтеді. Д.Евсеев пен Т.Скатов Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайыстарына қатысатындықтан, оған дейін дайындалып алудың маңызы зор.