Қазақ поэзиясының жұлдызы Есенғали Раушановтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Қазақ поэзиясының жұлдызы Есенғали Раушановтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды
Сурет: Қайрат Қоныспаев

Қазақстанның классик ақыны, мәдениет және қоғам қайраткері Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушановтың құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.

Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына ақынның жақын туыстары, достары және Маңғыстау облысынан келген қонақтар қатысты. Іс-шара барысында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев құттықтау сөз сөйледі.

– Есенғали Раушановтың әрбір сөзінде, әрбір әріпінде құлақта қалатын, ерекше ырғақ бар еді. Артынан өшпес із қалдырған тұлға. Мықты шәкірттер, жақсы ұрпақ тәрбиелеп қалдырды. Тарихта қалған есімі өшпек емес. Шығармалары қоғам мәдениетін дамытуға, рухын көтеруге өз үлесін қосып, дәріптеле берсе дейміз. Мектеп қабырғаларында, жоғары оқу орындарында ағамыздың есімі айтылып үлкен деңгейдегі кештер өткізіле береді. Бүгінгі тақтаның ашылуы бір тарихи оқиға, – деді Ғ.Айдарұлы.

Мемориалдық ескерткіштің ашылуына куә болғандар қатарында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Темірхан Медетбек пен профессор, педагогика ғылымының докторы Жауынбай Қараев өз ойларымен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді.

– Қазақ поэзиясындағы ірі тұлғалардың бірі осы Есенғали Раушанов болды. Оның рухани өлеңдері ешқашанда тозбайды, халық аузынан түспесі белгілі. Жазған өлеңдері елдің, жердің, қоғам мен әлеуметтік жағдай туралы болды. Халықтың ойында не болса, соның бәрін шығармаларында жазды. Ол абыроймен келіп, абыроймен кеткен ақиық ақын, – деді Т.Медетбек.

– Бұл мемориалдық тақтаның ашылуы үлкен мәдени жаңалық. Ақындық жолына қарайтын болсақ, Есенғали өзінің көкмойнақ жырларымен ерекшеленетін. Талай жарыстардан бәйге бастап дара келетін. Соның арқасында жас кезінен үлкен белестерден көрінетін, көзінің тірісінде классик ақын атанды. Оның жырлары үлкен философиялық категорияларғы толы терең мағыналы туындылар. Шығыстың сарынымен жазылатын жыраулық сипатқа ие шығармалары бар. Ол қазір қазақ поэзиясының жұлдызына айналды. Оның жұлдызы Есениннің жұлдызының жанында жарқырап тұр деп айта аламын, – деді Ж.Қараев.

Қазақтың басына біткен дарынды ақыны Есенғали Раушановтың құрметіне қойылған ескерткіш-тақтасы өзі тұрған үйде орнатылып отыр. Мемориалдық тақта орнатылған ғимараттың мекенжайы: «Самал-2» шағынауданы, 42-үй (Меңдіқұлов көшесінің қиылысы).