Қай өңірлерде жол апаттары жиі болады

Қай өңірлерде жол апаттары жиі болады
Сурет: ашық дереккөз

 Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова брифинг барысында жол апаты салдарынан өлім-жітім жиі болатын өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қала сыртындағы жол апаттардан өлім-жітім Алматы, Жамбыл, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарында көп болады. Мысалы, 2023 жылдың 9 маусымында Жамбыл облысында, «Алматы – Ташкент» автожолында «Lexus570» маркалы автокөліктің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, жол жиегіндегі жыраға аударылған. Апат салдарынан жүргізуші мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмып, тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді», - деді Ақтоты Боранова.

Сондай-ақ ІІМ өкілі жол бойындағы балалардың қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып өтті.

«Жазғы каникулда балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары ерекше алаңдаушылық туғызады. Жыл басынан еліміз жолдарында кәмелетке толмаған балалар отырған көліктер 1 046 рет жол апатына түскен. Оның салдарынан 72 бала қаза тауып, 1152 бала жарақат алды. Өкінішке қарай, күн сайын жолдарда бір бала қаза тауып, 10-нан астамы зардап шегеді. Апаттан мерт болған балалардың 67%, яғни жартысынан астамы жолаушылар, ал қалған бөлігі жаяу жүргіншілер», - дейді ол.