Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі ұзартылды
Сурет: Kapital.kz.

Алтыншы мамырға дейін ұзартылды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі 6 мамырға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Aikyn.kz cілтеме жасап.

Сонымен қатар оның орынбасарларын қамауда ұстау мерзімі де ұзартылды.

«Мәсімов пен Сәдіқұловты қамауда ұстау мерзімі 6 мамырға дейін, Ерғожиннің қауамда ұстау мерзімі 8 мамырға дейін ұзартылды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар ҰҚҚ төрғасының бұрынғы орынбасары Марат Осиповтың қамауға алу мерзімін ұзарту туралы материалдар прокуратураға жіберілді.

Күдіктілер тергеу изоляторында отыр.

Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты іс Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша тергеліп жатыр.

175-баптың 1-бөлігі – «Мемлекетке опасыздық жасау» (15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, оған қоса, Қазақстан азаматтығынан айыруы мүмкін);

179-баптың 3-бөлігі – «Қазақстан Республикасының Конституциясын бұзып, билiктi күшпен басып алуға немесе билiктi күшпен ұстап тұруға не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған әрекеттер» (17 жылға дейін бас бостандығынан айыру, оған қоса, Қазақстан азаматтығынан айыру жазасы бар);

218-баптың 3-бөлігі – «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер» (7 жылға дейін бас бостандығынан айыру);

362-баптың 4-бөлігі – «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» (10 жылға дейін бас бостандығынан айыру);

366-баптың 4-бөлігі – «Пара алу» (12 жылға дейін бас бостандығынан айыру); Қылмыстық іс «өте құпия» деген белгімен тергеліп жатыр.