Ішіп алып шарапты, байқамады жолақты

Ішіп алып шарапты, байқамады жолақты
Сурет: ашық дерекөз

Ақтөбеде ішімдік ішіп алып көлік жүргізіп, жол ережесін бұзған депутатқа қатысты сот шешім шығарды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Сәния Мұратова соттың шешімімен алты ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен отырысқа депутат белгісіз себептермен қатысқан жоқ.

"Бесінші қыркүйек күні сағат таңғы жетілер шамасында азаматша Мұратова Сәния Бұлқайырқызы Ә. Молдағұлова және Сәңкібай батыр даңғылдарының қиылысында алты жолақты жол белгісінің ортасынан бөліп тұратын екі таңбалау сызығын көлік құралын басқарып келе жатып өтіп кеткен болатын. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 596 бабының 3-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, жол жүру қағидасы бойынша 9.2 тармағын бұзды",- деп мәлімдеді сот отырысына қатысқан Ақтөбе қаласы патрульдік полиция инспекторы Мүсіреп Жанболатұлы

Полицияның айтуынша, экипаж мүшелері "Лексус" мінген депутатты тоқтатқан сәтте көлікте жалғыз өзі болған. Хаттамамен толық келісетінін айтқан.

Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматша С.Мұратоваға қатысты екі іс түскен. Біріншісі жол ережесі қағидасын бұзу болса, екіншісі - көлікті мас күйінде жүргізуге қатысты іс.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Сания Мұратова мандатынан бас тарту үшін сайлау комиссиясына арыз түсірген болатын. Қалалық мәслихат шешім қабылдап, депутаттың мандатын мерзімінен бұрын тоқтатты. Осылайша, мандаттан да, көлік жүргізу куәлігінен де айырылды.