Ғылыми-зерттеулер мақсатында киік атуға рұқсат берілмек

Ғылыми-зерттеулер мақсатында киік атуға рұқсат берілмек
Сурет: Aikyn.kz

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығында көрсетілген.

15 ақпаннан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін бір жыл бойы киіктерді атуға рұқсат берілуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Берілетін лимит тек ғылыми мақсаттар үшін бөлінеді. Ғылыми мақсатта киіктерді алуға ұсынылған квоталар ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық, зооноздық инфекциялар институты, ҚР БҒМ Зоология институты және Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты үшін кепілдендірілген. Қосымша квоталар, оның ішінде басқа ұйымдар үшін де облыс деңгейінде бөлінген лимиттер шегінде бөлінуі мүмкін», - делінген құжатта.

Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде жазылғандай, бұл норма 2023 жылдың 15 ақпанынан келер жылдың 15 ақпанына дейінгі аралықта аң аулау кезеңінде қолданылады.

Ғылыми мақсатта Қазақстанның 4 облысы аумағында 1 815 киікті атуға рұқсат берілмек.

Өңірлер бойынша бекітілуі мүмкін лимит:

Ақмола облысы – 705 киік;

Қарағанды облысы – 700 киік;

Қостанай облысы – 210 киік;

Батыс Қазақстан облысы – 200 киік.

Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі биыл киіктерді атуға рұқсат берілмейтінін мәлімдеген еді.