Егіс жұмыстарын қаржыландыруға өтінім қабылдау басталды

Егіс жұмыстарын қаржыландыруға өтінім қабылдау басталды
Сурет: Saryarqa Aqparat Media Holding

Бюджеттен көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бөлінді.

Жеңілдетілген кредитті фермерлер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы рәсімдей алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

«Аграрлық несие корпорациясына» қаржы 70 млрд теңгеден екі траншпен жіберілетін болады. Бірінші транш қазір аударылды, екінші транш ақпан айында аударылады.

Қаржыландыру бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне тікелей кредит беру, сондай-ақ кредиттік серіктестіктерді, екінші деңгейдегі банктерді және микроқаржы ұйымдарды қорландыру арқылы жүзеге асырылады.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемесі мынадай:

банк кепілдігі арқылы тікелей кредит алатын болса, жылдық мөлшерлеме 1,5%-дан аспайды;

кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары, екінші деңгейдегі банктер қаржыландырған кезде жылдық мөлшерлеме 5%-дан аспайды.

2023 жылы бағдарламаның шарты бойынша кредиттеу мерзімі келесі жылдың көктемінің басына дейін ұзартылды.

Айта кетері, бұрын кредиттеу мерзімі қаржыландыру жылымен шектеліп келген болатын.

Бюджеттік қаржыландыру есебінен кемінде 2 миллион гектар егіс алқабын қамту жоспарланып отыр.