Гемблинг және лудомания

Гемблинг және лудомания
almaty-akshamy.kz

Мәселе

немесе үйінен өз затын ұрлап, барын ойынға тігетін құмар ойыншылардың емі бар ма?

 

Ұтысқа теңге тігіп, соның шынжырына шырмалған құмар ойыншылардың әрекеті ауру ма, әлде әдет пе? Өз үйінен өз затын ұрлап, онлайн рәсімдеген қарызы қордаланып қалса да, ойыннан бас тартуға дәрменсіз адамдарды мұндай қадамға не итермелейді? Талай отбасын ойрандап жатқан бұл «аурудың» емі бар ма?

Осы сұрақтарға жауап іздеп, мегаполисте орналасқан Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың Павлодардағы бөлімшесіне хабарластық. Онда есірткі заттарына, «ащы су» мен құмар ойынға тәуелді науқастар емделеді. Ол орталықта ойнаймын деп от басқан жас та, кәрі де бар.

Мұнда емделіп жатқандардың дені жұмыссыз. Емдейтін орталыққа ойыннан басқаға зауқы, тамаққа тәбеті болмай, ой-санасы ойыннан басқаны қабылдамай, аласұрған күйге түскесін, яғни құмарлықтан шығар жолы қалмағасын келген. Мамандар ойынға қаржысын оңды-солды шашу, оған тәуелді болу қаржыны жұмсаудың тетігін білмеу, сауатсыздық пен жүгенсіздіктің нәтижесі дейді.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың Павлодардағы бөлімшесінде биыл 22 науқас емделді. Емдеуші мамандардың айтуынша, көбінесе емделушілердің туыстары казино, автомат ойындарға, онлайн ұтысқа әуес адамдардың шектен тыс осы әрекетке құмарлығын дерт деп қабылдамайды. Ауру асқынып, өздері де, ойынсыз өмір сүре алмайтын жақыны да әбден шарасыз күйге түскенде ғана психологтың алдына келетін көрінеді.

Ойынқұмарлық немесе гемблинг, лудомания деп аталатын бұл ауру есірткілік заттарға, спиртті сусындарға тәуелділік сияқты даму тетіктері өте ұқсас дерт. Ойынға құмар адамды оған тәуелді деп санау керек. Науқастың бойында бұл аурудың пайда болуына түрткі болатын бірнеше себеп бар. Ең бірінші себеп – қанағатсыздық. Қанағатсыздық адамды адастырады. Бұл сезімнің «ерекшелігі» – ойын оған құмар адамның ішінде тұншығып жатқан эмоциясын сыртқа шығаруға мүмкіндік береді. Себебі, ойынқұмар – шынайы өмірде өзіне көңілі толмайтын, кім екенін көрсетуге ұялып, топтан ерекшеленуге жасқанатын немесе өз сөзін мойындатуға қауқарсыз адам. Оған өмірде жеңіске жету оңай емес. Ал құмар ойын кезінде оның арманы орындалады. Ең бастысы – бір нәтижеге қол жеткізгеннен кейін ол ойынға қайта оралуды аңсайды, асығады.

Екіншіден, жалғыздық адамды құмар ойынның құрығына ілінуге итермелейді. Өйткені, сөйлесіп, сырласатын жақыны жоқ және көңілі жабырқау адам ойыннан ғана рахат тауып, содан ғана ләззат алады. Ол сол тәтті сезімді тағы да сезінгісі келіп, ойынның басыбайлы құлына айналғанын өзі де байқамай қалады. Себебі, ойыншылардың өзінің әрекетіне есеп беру, бақылау қабілеті төмен болады дейді мамандар.

Үшіншіден, оңай ақша табуды көздегендер осы казино, компьютерлік, автоматтағы ойындардан олжа іздейді. Олар бір мәрте ұтысты иеленіп, тағы қомақты ақша ұтамын деген үмітпен ойынхананың тұрақты клиентіне айналады. Ойыншылардың басым бөлігі көбінесе, алкогольге немесе есірткіге үйір адамдар. Сондықтан олар ойын мен шынайы өмірдің арасындағы ақиқатты ажырата алмайды.

Елімізде осы дерттің тұзағына қанша адамның ілінгені туралы нақты деректер жоқ. Себебі, ойынсыз өмір сүре алмайтындардың көбі жекеменшік медициналық орталықтарда емделуге тырысады. Екіншіден, статистикалық көрсеткіштің аз болу себебі, мұндай адамдар өзін аурумын деп санамайды және ешқашан мойындамайды. Олар медициналық көмекке жүгінбейді. Мамандарға тек қарызы қордаланып, ойынның тұтқынына айналғанда ғана, оның өзінде туыстарының үгіттеуімен келеді.

Мамандар ойынға тәуелділік жас талғамайды деп отыр. Әрі бүгінгі күні интернеттің көмегімен-ақ құмар ойындарға кіріп кете алады қалаған адам. Тіпті, қарызға үйде отырып несие алу да оп-оңай болып кетті. Сондықтан мамандар бастапқыда ермек үшін ойнап, нәтижесінде опық жеп жүргендердің мінез-құлқына назар аударуға кеңес береді.

 

Тақырыпқа орай

БЕРІК, құмар ойынға тәуелді жігіт, 40 жаста: Мойнымда 17 млн теңге қарызым бар

- Мен өзімнің ақылға сыймайтын  қателік жасағаныма өкінемін. Менде ақша көп, дос та көп болды. Күреп таптым. Сот саласында қызмет еттім. Кәсіби маман болдым. Үлгілі отағасы, жақсы әке болдым. Бірақ соның бәрін көтере алмадым ба, достармен әр кездесуден кейін ойын ойнап, көңіл көтердік. Осындай жабысып алатын кесел деп үш ұйықтасам ойыма кірмеген. Ойыннан ұтылдым ба, жеңіске жеттім бе, маған ол маңызды болған жоқ. Әр ойыннан кейін керемет рахаттанып қаламын. Қазір мойнымда 17 миллион теңге қарызым бар. Бірнеше микрокредиттік ұйымға, туыстарым мен әріптестеріме қарызбын. Оған дейін қанша ақшаны ойынға тіккенім есімде жоқ. Ойынға жоламау керек. Оның апанынан шығу өте қиын екен.

 

ДИАС, бір кездегі озат оқушы, 19 жаста: Еркіндіктің жөні осы екен деппін...

- Мектепте жүргенде түрлі үйірмелерге қатыстым. Қатарымның алды болдым. Бірақ үйден шықпайтынмын. Маған ата-анам көп шектеу қоятын. «Бұзылып кетесің» деп сыныптастарыммен араластырмайтын. Үйкүшік болып өстім. Мектепті де, универді де үздік бітіріп, беделді компанияға жұмысқа тұрдым. Жаңа достар, жан-дүниемді түсінетін әріптестер таптым. Сауықшыл құрдастарыммен қыдыратынды шығардым. Мінезім, ұстанымдарым өзгере бастады. Жұмыстан кейін қыдыруға асығамын. Жаңа ортада мұның дұрыс емес деп ешкім айтпайды. Керісінше, мені қолдаушылар көбейді. Еркіндік ұнады. Есірткілік заттарға үйір бола бастадым. Достарыммен бірге ойынханаға да бардық. Бірнеше күн, түн ойнап, ақшам таусылғанда ес жидым. Одан әрі үйден анамның алтын бұйымдарын ұрладым. Сөйтіп жүргенде, ойынға тәуелді болып қалғанымды кеш түсіндім.

 

Гүлнұр ҚУАНЫШҚЫЗЫ, психотерапевт: Әлі де кеш емес...

- Құмар ойынға тәуелді адамдардың бәріне ортақ айрықша белгілер – көбінесе агрессияға берілгіш, қызба, ашуланшақ. Сіркесі көтермейді. Себепсіз ызаланады. Өзін қоршаған ортаға, адамдармен қарым-қатынас орнатуға зауқы жоқ. Себебі, ол үнемі «басымдағы қарыздан қалай құтыламын, ақшаны қайдан табамын» деген уайымның жетегінде жүреді.  Өзін-өзі бақылау қабілетінен айырылады. Сондықтан мұндай адамдар ойын кезінде жеңсе де, жеңілсе де, одан бас тарта алмайды. Үнемі өтірік айту, ұрлық жасау, несие-қарызды үйіп ала беру, оны төлемеу – бұл тәуелділік дертіне шалдыққан науқастардың айқын белгісі.

Әлі де кеш емес, егер құмар ойынның құрығынан шыға алмай жүргендер болса, біздің орталыққа хабарласуға болады. Ішімдікке, нашаға және ойынға тәуелді адамдарды еліміздің барлық өңірінен қабылдаймыз және емдеп, адам қатарына қосамыз. Пациенттерді тәжірибелі, кәсіби психологтар, психотерапевтер екі айдан бір жылға дейін тегін емдейді. Орталыққа қоңырау шалып немесе өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып, жолдама алуға болады. Медициналық тексеруден өтіп, квота арқылы емделуге де мүмкіндік бар.