Газетнама

Газетнама
almaty-akshamy.kz

«ӘЙТЕУІР ЗИЯЛЫЛАР ОҚЫП ЖҮР ҒОЙ, КҮНІГЕ «ВЕЧЕРКАДАН» АУДАРМАНЫ»

«Алматы ақшамына» – 35 жыл. Қазір газет шығару жұмыртқа басып шығарудан да оңай. Заманында Қазақстан бір шеге шығару үшін де Мәскеумен мақұл­дасатын. Ал «Алматы ақшамының» қадірлі, бағалы болатыны – кесірлі кезеңде ұлт зиялыларының сұрапыл күресінің арқасында жарық көрді. Бұл күрестің басында Ө.Жәнібеков, Р. Бердібаев, М.Байділдаев тәрізді тұлғалар тұрды. «Алматы ақшамы» сол күн­дерде енді жандана бастаған айтыстың да арқауына айналды. «Рахмет, құттықтаулар қаулар тағы, Әйтсе де басылмайды даулар жағы. Әйтеуір зиялылар оқып жүр ғой Күніге «Вечеркадан» аударманы. Жеңеше, жіберіңіз, ахау, от алдырып-ау, Шын қайны Әселханға атандырып. Сол, «Ақшам» шіркін, жеңеше, шықса қайтеді Бөлініп өз алдына отау болып», – деп Әселхан мен Әзімбек қоғамда рухани дүмпу туғызды. Сол кездің көзімен қарағанда бұл шын мәніндегі сенсациялық айтыс еді. Бұл енді ұзақ әңгіме. Басылымның алғашқы редакторы Исламғали Бейсебаев болды. Одан соң Ерғали Сағат басқарды. Жарықтық, Исекең білімді, сауатты, ақындығы бар кісі еді. Өмірінің соңғы жылдарын ел ішінде өткізді. «Лениншіл жаста» Ерағаңның қол астында істедім. Ол кісі – жауапты хатшы. Бізді сұлу торы аттай жүріс-тұрысымен тәрбиеледі. Өмірі де, өнері де сұлу, бір бекзат жан.

Асыл ағаларымыздың рухы шат болсын! Ғазиз жандар «Ақшамды» аяғына тұрғызды, қалыптастырды, ел қатарына қосты. Біз сол жолды жалғастырдық. 2005 – 2021... Аттай он алты жыл. Осынау атқан оқтай зулаған зымыран жылдар ішінде басылымда үш буын өкілдері әдемі үйлесіммен қызмет істеді.

Гераға – Герольд Бельгер тұрақты оқырманымыз еді. Ол кісі өмірден озған соң да Раиса жеңгеміз «Ақшамның» тігіндісін жасап отырыпты. Сол Герағаң Аманхан туралы: «Өзінде асқарсүлейменовтік бірдеңе бар», – деуші еді. Газетке сондай «асқарсүлейменовтік бірдеңесі бар» бір талантты шоғыр келді. Олар – Е.Байтілес, Д.Анаш, Ә.Бағдәу­летқызы, М.Бекбосын, Ә.Сауытбек. Р.Әрен, Ө.Жоямерген, Ж.Байділда, А.Қасым, Ж.Ысқақбай, С.Қызайбекұлы, Ә.Райыс – қазір әр қиырда, өз саласында ел таныған қаламгерлер. Басылымдағы бұл дәстүр жалғасып жатыр.

Бүгінде «Алатау-ақпарат» ЖШС-іне біріктірілген екі басылым мен сайттардың тізгінін жас та болса жалы биік, өз ортасында мойындалған жүйріктің бірі Ержан Қалымбайұлы ұстап, ұжымды қазіргі жаңа медиа талаптарына сай іргелі ізденіс жолына түсірді. Түнеугүні «Жұлдыздағы» жұмыс орныма «Алатау-ақпарат» (кезінде осы атауды өзім қойған едім) ЖШС бас директоры Е.Қалымбайұлы мен «Алматы ақшамы» бас редакторының орынбасары, ақын, композитор Ә.Әуелбек келіп, келісті кеңес болды. Жігіттер басқа да баладай қуанатын жағдаймен бірге басылымның құттықтауын табыстады. Былай депті-ей: «...Сіз «Алматы ақшамы» газетінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, бар күш-қайратыңызды жұмсадыңыз. Соның арқасында біздің газетіміз биікке көтеріліп, бірден-бір оқылымды басылымға айналды. Сол үшін де Сіздің бұрынғы ұжымыңыз Сізді жақсы көреді, үлкен құрметпен еске алып жүреді...» Мақтағанды кім жек көрсін. Тәуір газет жасасақ, ол бір үйдің баласындай болған ұжымның арқасы. Мына ілтипат соны жеткізіп отыр. Қадыр аға Мырза Әли: («Ақшамның» қызметкері, тұрақты авторы, афоризмдерін осы басылымнан бастаған) «Өзім туралы өзім бір өкіртіп жазғым келеді», – деуші еді. «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма?» демекші, ол сөзді өзімнің ұжымым айтыпты. Бұдан артық баға болмайды.

«Ақшамдықтар» Ақаңның мұражай-үйінде

«ХРАПУНОВТЫҢ ҚАЛПАҒЫН ҚАЙЫРЫП ЖІБЕРГЕН ҒАЛЫМ»

немесе «мың жасаған шаһардың шамшырағы» маңдайша сөзі қалай жазылды?

Біз не жаздық? Не дедік? Көктей шолып, сипай қамшыласақ та біраз жерге дейін шоқытуға болатын тәрізді. Қанша дегенмен 16 жылды осында өткердік қой. Храпуновтың заманында Алма­тының 150 жылдығын өткізу үшін не амал жасалмады десеңізші. Қала күні өткен сайын елдің көзі үйрене берсін дейтін болуы керек «Алматыға – 150, 151» деген тәрізді жазу әр жерден қытыққа тиіп, қылтиып тұратын. Орыстық шовинизмнің шылауындағы басылымдар бірінші бетіне «Верныйға – 150 жыл» деп те шығып жатты. Әрине бұл біздің намысымызға тиді. Бір күні тілшілерді жинадым да «әрқайсың га­зеттің маңдайшасына сөз ойлаңдар» деп тап­сырма бердім. Ақыр соңында ойлана келе, «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деп жаздырдым. Әрине мұндай шаруаны ең алдымен құрылтайшымен кеңесу керек. Әкім – Иманғали Тасмағамбетов. Әуелде ол кісінің бұған қарсы болмасын іштей сезгенмен де көңіл күпті болып жүрді. Дейтұрғанмен де «дұрыс жасадың» деді. Ендігі жерде құйтырқы Храпуновтың бұл бағыттағы жанталасының қалай аяқталғаны жөнінде де мәлім болып қалған еді.

Бұл турасында алдымен академик Мәмбет Қойгелдіні тыңдап алайық. – Алматы қаласының тарихы, аты ауық-ауық дискуссия тақырыбына айналып отырады. Бұл әрине кездейсоқ нәрсе емес. Қаланың ел өміріндегі алатын ерекше орнына байланысты нәрсе болса керек. Бұл мәселенің ар жағында мәдениеттер егесі тұр. Осы жағдайға байланысты латынамерикалықтар мен европалықтардың арасында орын алған бір дау еріксіз еске түседі. Европалықтар Америка континенті ашылуының 500 жылдығын атап өтуді ұсынды. Бұл ұсынысқа латынамерикалық жергілікті халықтар үзілді-кесілді қарсы шықты. Аргументтері: европалықтардың аяғы тигенге дейін-ақ дамыған өркениеті болған (ацтек, инктер ж.б) халықтар өмір сүріп жатқан континентті қалай ашу мүмкін? Латын америкалықтардың уәжі негізді болған соң аталған дата күн тәртібінен түсіп қалды. Сол сияқты қазақ жері көне мәдениет­тер тамыр жайған мекен. Мәселен, Шу өзенінің бойындағы Баласағұн аталатын шаһарда Жүсіп Баласағұн деген ғұлама ғалым және ақын «Құтадғу білік» сияқты ғажап, данышпандыққа толы еңбек жазды. Адамзаттың игілігіне айналған кітап. Өзекті идеясы - мемлекет, оның халқы қайткенде бақытты өмірге жетеді? Автордың пікірі бойынша, ондай болашаққа білім мен парасат қана жол ашпақ. Осы жағдайдан мәліметі жоқ кісілер сіздерге мемлекеттілік мәдениеті мен дәстүрін біз алып келдік дейді. Мұндай пікірмен келісе салуға әрине болмайды. Сол сияқты қала құру мәдениетін де бәзбіреулер бізге қиғысы келмейді. Есімде, 2003 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтына жоғары билік орындарынан хаттар келіп жатты. Оларда сол кездегі Алматы қаласының әкімі Храпуновтың қаланың 150 жылдығын атап өту жөнінде ұсыныс жасағанын, соған байланысты инс­титуттан тарихи негіздеме беру туралы ай­тылған еді. Мен ол кезде институттың директоры қызметіндемін. Бір күні қала әкімінің орынбасары шақырып жатыр деді. Әкім орынбасары кірген бетте алдыма бір парақ қағазға жазылған қаланың 150 жылдығына байланысты тарихи негіздемені тастап, қол қой деді. Мен көз жүгіртіп шықтым да, қол қоя алмаймын дедім. Құжаттың астарында саяси пиғылдың жатқанын айттым. Жұмысқа келген бетте Президенттің атына хат жаздым да, тез арада жөнелттім.

Арада бірнеше күн өткен соң Алматыға келген сол кездегі Мемлекеттік хатшы И.Тасмағамбетов шақырып, жоғары бұрышына Президент пікірі жазылған хатымды көрсетті. Ол кісі мәселені ғалымдармен кеңесіп отырып шешуді ұсынған екен. Менің ризашылығымда шек болған жоқ. Баяндалған пиғыл ненің көрінісі? Күні өткен тәкаппарлықтың, «түп­нұсқа мәдениет менде, ал сен көшірме мәдениеттің өкілісің» деген білімсіздіктің көрінісі. Француз жазушысы Эрве Базен: «Европа жердің үлкені емес» деген мақала жазды. Жазушы мақаласында «Мен ақшалы Европаға сенбеймін, ол үшін көп ұлтты Европа жамылғы ғана... Мен әлемді билеу пиғылынан бас тартқан, сондай-ақ, өзінің ауызбірлігі арқылы ғана өзін басқаға билетпейтін Европаға сенемін» деген ой айтты. Меніңше, бұл барлық елдерге ортақ ұстаным болуға лайықты пікір. Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Қазір тарих жазғыштар көбейді. Демек бізде тарихпен шенеуніктер де айналыса береді деген сөз. Егер М.Қойгелдінің орнында ғалымдығынан гөрі залымдығы, шенеуніктігі басымдау біреу болғанда мыңжылдық тағдыры қалай шешілген болар еді. Қысқасы, бұл гөй-гөйді кейінірек осы «Ақшамда» жарияланған «Храпуновтың қалпағын қайырып жіберген ғалым» атты мақаламда да жан-жақты айтқан­мын. Көрнекті қаламгер, сенатор Н.Жүсіп «Қалидың қолтаңбасы» атты мақаласында да бұл жайды жеріне жеткізіп жазды.


Бас редакторлар бас қосқанда

 

КЕНЕСАРЫНЫ ШАТЫР ТІГІП КҮТКЕН

Алматыны қорғаған Тойшыбек батырды білесіз бе?

Сонымен маңдайшадағы «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» ішкі бетте де рубрикаға айналып, мыңжылдық туралы топтаманы жалғастыра бердік. Айтқандай, Храпуновтың қалпағын қайырып жібергеннен кейін Мәмбет ағамыз біздің ұсынысымызды қабылдап, Алматы тарихына ерекше құлшыныспен кірісті. Кезінде Жетісу өңірінде Алмалы бекінісін (Алматы деп түсініңіз) патшалы Ресей империясының жендеттерінен қорғаған Тойшыбек батыр туралы «Алматы ақшамына» тың тарихи деректерге негізделген сұхбат берді. Тойшыбектің тоғыз ұлы болыпты. Олар әкесінің ерлік істерін жалғастырды. Соның ішінде Байсейіт деген жаужүрек баласының шапырашты Сұраншы батырмен бірге тізе қосып соғысуы орыстарды қатты састырады. Байсейітке арнап Сүйінбай өлең жазған. Тойшыбек батырлығымен қоса би болған. Кенесарыны Жетісуға келгенде шатыр тігіп күтіп алған. Бұл Алматының тарихын Верный бекінісінен бастайтындарға дер кезінде қойылған тосқауыл еді. Осыдан соң мыңжылдықтарға тереңдеп, Алматы – үйсін мемлекетінің орталығы болғанын дәлелдейтін бұлжымайтын тарихи дерек, дәйектермен негізделген мақалалар шоғыры беріле бастады. Мыңжылдық халықаралық конференциялардың тақырыбына айналды. Көп ұзамай ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Өкінішке қарай, қазір Алматыда «Верный» деп аталатын ойын-сауық отаулары көбейе бастады. Кейбір көліктерге баттыйтып жазып қойған.

ЗЕНКОВТЫҢ «ОРЫСША-ҚАЗАҚША СӨЗДІГІ»

Рас, мемлекеттік, былай айтқанда, биліктің басылымы болғаннан кейін оның өз бағыты, өз көздегені, ақпараттық саясаты болады. Әрине ресми жарияланымдар да жетіп артылады. Шерағаңша айтқанда «мұзды мұхитты» бұзып, бірдеңе жасау да оңайға соққан жоқ. Бұл ретте бізді алдымызға айқын мақсат қойып жұмыс істеу, соған орай туындаған түрлі жобалар құтқарды. Соның бірі – «Алматыны басқарғандар». Менің білуімше, бұл жоба бұрын-соңды қолға алынбаған. Сонау Зенков заманынан бермен қарай шаһарды басқарғандарды түгендедік. Тілшілер архивтың шаңын қақты. Ең алдымен әр тұлға туралы жарияланымдардың хронологиялық сипат алып кетпеуінен сақтандық. Әр басшының шынайы өз болмысын жазу назарда болды. Оның қиын, қызық, қилы тағдыр жолы нақты дерек, дәйектермен бедерленді. Мәселен, Павел Зенков аса зиялы болған адам. Жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынас ұстап, оның дәстүр-салты, әдет-ғұрпы, мінез құлқына дейін шағын зерттеулер жүргізіп отырған. Қаланы жаяу аралап, басқарған. Соның нәтижесі – қала тұрғындарымен жиі сөйлесіп, киіз кітап ашып «орысша-қазақша сөздік» жасауға кіріскен. Сөйтіп жүріп қазақ тілін үйреніп алған. Қазақтың ауқатты, беделді адамдарымен көп кеңесіп отырып, іс қылуды дағдыға айналдырған. Соның бірі атақты Медеу Пұсырманов болған. Адам, тұлға, елге қызмет етуге келгенде олардың қандай ерекшеліктері болды дегенде көктей шолып айтсақ, былай болып шығар еді. Кеңестік билікпен арпалысып жүріп Абай ескерткішінің тұғырын биіктеткен, қалада тұңғыш рет биік үйлер мен ғимараттар салуға қарсы шыққан, театрдың әр премьерасынан қалмайтын, Сейфуллинге даңғыл атын беру үшін жүрген қиян-кескі шайқас және оны білмегені үшін қалалық мәдениет бөлімін бас­қаратын еврей қатынын жұрт алдында қызметінен алып тастаған, өмірден озарында әмиянында 50 доллар қалған әкім, қалада қазақ санын 40 пайызға жеткізген, кімдер екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз әрине. Осы жоба «Алматыны басқарғандар», «Градоначальники Алматы» деген кітапқа айналып, Ахметжан Есімовтің алғысөзімен жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Зәкеңнің соңғы сұхбаты» атты мақаламда да бұл жоба жөнінде кеңірек баяндалған.

«ТҰЛҒАТАНУ». «АЛМАТЫ АҚШАМЫНЫҢ КІТАПХАНАСЫ» НЕМЕСЕ ТАҢДАНДЫРҒАН ТАЛАСБЕК

Халқынан кешірім сұраған тұңғыш қазақ шенеунігін білуші ме едіңіз? Тұңғыш бағбан, тұңғыш трамвайшы кім екенін ше? «Кәукен кафеге» жолыңыз түсіп пе еді? Осы мына 2-Алматы вокзалының түбінде бала күнінде Нұрғисаның үйі болғанын естіп пе едіңіз? Құрманғазы оркестрін Ахаңнан соң 45 жыл басқарған КСРО халық артисі Шамғон Қажығалиев ұзақ жыл төсек тартып жатқанда «Инсультке иілмеген» деген мақала жазып, кісінің көңілі босауы дегеннің қандай болатынына да ұжым болып, көз жасымыз мөлтілдеп куә болып едік. Мұндай жарияланымдар аз болған жоқ. Бірде опера және балет театрында ұзақ жыл еден жуған орыс әйелінің Күләш, Шабал, Шаралар туралы естелігін бергенде әлгі кісінің жүзі қуаныштан бал-бұл жанып, саяжайынан редакцияға қып-қызыл апорт әкеліп таратқаны да еске түсіп отыр. Естелік демекші, Қ.Бадыровтың (Ә.Сығай дайындаған) күнделіктері, С.Оразбайдың, А. Әшімұлының ғажап әңгімелері (жеке-жеке кітап болып жарық көрді), Ә.Сығайдың «Жарық жұлдыздары» естелік-эссені қалай есілтіп жазудың нәзира үрдісіндей болды. Қазақ сөзін ұтқыр, тапқыр аудармаларымен байытқан, ұмыт қалған Ісләм Жарылғаповтың ұрпағымен зорға келісімге келіп, ол жинады деген 500 сөз емес, мың бір сөзін тауып, Өтеш Қырғызбаевтың «Сөз зергері Ісләм Жарылғапов» атты кітабы жарық көрді. Осы зерделі зерттеудің соңы І.Жарылғапов атындағы халықаралық конференцияның өтуіне мұрындық болды. Бұл жөнінде академик Ө.Айтбаевтың конференция мінберінен тебіреніп сөйлегені де есте. Мемлекеттік басылымда жұмыс күні – сегіз сағат. Бұл тәртіп қатаң сақталады, жалақысы сонымен есептеледі. Біз оны саналы түрде бұздық. Ойлы жазарманға шығармашылық еркіндік берілді. Олсыз қатып қалған ресмилікті, шаблонды бұзу мүмкін емес. Сондықтан да тақырыптан тарылған, тосылған емеспіз. Алматының рухани, тарихи тағдырына алаңдамаған күніміз жоқ. 1971 жылы «Қыз Жібек» фильмі алғаш рет бұл шаһарда осы күнгі «Целинный» кинотеатрында көрсетілді. Ол кездегі жұрттың рухани сұранысы сұрапыл еді ғой. Театрдың есік-терезесін сындырып кірген. Сол кинотеатрдың атауын неге «Қыз Жібек» қойып, алдына фильмді жасаушылардың топтанған бейнесін қоймасқа деген де ұсыныс айттық. Бірақ ол тиісті орындардың құлағына кірмеді. Себебі театр ғимараты жеке адамның иелігіне көшкен. Егер ұлттың рухани тарихын қымбат көрсе, оны сатып алу мемлекетке түкке тұрмас еді. «Төртеу төбеге шықты» деп те дабыл қақтық. Кімдер екенін біліп отырсыз. «Битлз». Көктөбе. Тасмағамбетов осы Көктөбені көк түтіннен, қаптаған кәуапшылардан соттасып жүріп, зорға ажыратып еді. Мақсаты бұл аймақты рухани өңірге айналдырмақ болатын. Суретшілердің көшпелі галереясын, күй керуенін ашып, бастап та кеткен. Алайда сол кездегі орыс тілді, батысшыл, қалталы қазақтардың қолдауымен «Битлз» тобы төбеге шықты. Тасмағамбетов оларды қаланың қай қиырына қуса да ештеңе шықпады. Үкімет қолдамады. Әрине бұл әрекет қоғамда жағымды пікір тудыра қойған жоқ. Тіпті бірде Дулат Исабеков Лондондағы кездесуде бізде «Битлзға» ескерткіш қойылғанына мақтанғандай болғанда ағылшындардың таңқалып, абыржып қалғанын айтып еді. Әкімдіктегі бір жиында «ол жерге «Дос-Мұқасан» сұранып тұр ғой» деген Нұрлан Өнербаев (Мәдениет басқармасының басшысы) екеуміздің пікіріміз қатты қарсылыққа кезіккен. Алматыда Баум тоғайы бар. Сол Баумды Алматының тұңғыш бағбаны деп те жазып жүрді. Тұңғыш бағбан Жарқынбаев деген қазақ болған. Ол кісі жөніндегі тарихи деректерді тауып, жарияладық. Толық ақпарат беруге қапелімде газет тігіндісі таптырмай тұр. Алғашқы трамвай айдаған қазақ қызы Нафиза Әбілқасымова. Ол сол кездегі орыстық шовинизмнің сесіне қарамай аялдамаларды қазақ тілінде хабарлап отырған. Танымал тұлғалар, көрнекті қалам­герлер басылымның интеллектуалдық деңгейін, шығармашылық әлеуетін көтеруде көп күш жұмсады. Оның бәрін санамалап айтып жатуды уақыт көтермейді. Меніңше, «Алматы антологиясы», «Алматыға сыймай кеткен ақындар», «Алматылықтардың алданышы», «Алматының айымдары», «Алматының ақсақалы», «Сағындым Алматымды», «Бұрынғының адамдары-ай», «Біздің қаланың тұрғындары», «Ұйықтамайтын қала», «Біртүрлі бағана», «Тұлғатану», «Тұлға-тағдыр», «Тазарғың келсе, театрға бар», «Жарияланбаған жазба», «Сана тазармай, қала тазармайды», «Таңсық тақырып», «Сағындырған саңлақтар», «Өнербаян», «Не байқадыңыз?», «Мекемеңіз қай тілде сөйлейді?», «Ауданыңызда кім тұрады?» т.б рубрикалардың атының өзі көп жайдан хабар берсе керек. Жалпы жан дүниесі, болмысы қыңырлау емес, аса бір күрескерлікке де жаралмаған қоңыр адамның журнал емес, күнара шығатын ресми басылымды оқылымды жасауы жан азабына түсуімен бірдей. Әлдебір сәті түскен сұхбаттарда «қыңыр емес, қоңыр газет шығардық» деген ойға иек артып сөйлейтінім де содан. Оның үстіне біз білгенде әзелден ұлт интеллигенциясының байырғы Отаны, алаш ардақтыларының табанының ізі қалған Алматы бұлқынып жатқан рухтың, шабыттың қайнар көзі емес пе еді. Тіпті 2012 жылы 2-Алматы вокзалындағы шулы жерімізден осы күнгі (Масаншы-Шевченко) ғимаратқа қоныс аударғанда бізді бір ғажап жай күтіп тұрды. Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы мұражайымен қоңсы орналасуымызды жақсы ырымға баладық. Тайлы таяғымыз қалмай ұлы реформатордың шаңырағына барып тағзым етіп, дұға бағыштап, ас бердік (суретте). Осы бір сапар біздің рухымызды одан сайын жанып, рухани қуатымызды еселеп жібергендей болды. Содан бастап Ахаңның демі қалған қасиетті құтхана біздің адастырмас Темірқазығымызға айналды. Рухани өрісіміз кеңіп, Алаш рухын бұрынғыдан бетер сезініп, басылымның мазмұн, мағынасы өзгеше үрдісте сипат алып, ұлттық идея қазығына байландық. Бұған дейін оқырман ойынан шыққан «Тұлғатану» рубрикасы аясында ұмыт қалған, беймәлім тұлғалардың тағдырына терең барғыштадық. Әсіресе бұл тақырыптың маңдайын жарқыратқан Таласбек Әсемқұлов болды. Бір күні кабинетіме Таласбек кіріп келді. Салғаннан «Қалеке, мынау мен істейтін газет екен» деді. Содан отыра қалып, алдағы тақырыптармен бөлістік. Іле бір жалақы көлемінде қаламақыға келісім-шартқа отырдық. Іздегенге сұраған, Тәкеңнің жоспары жойқын болып шықты. Бәрін айт та бірін айт, Тәкең төпеді. Сол сұрапылдың бірі Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыры» басылымның оншақты нөмірінде жарияланды. Ал енді бұл эссенің оқылымды болғаны сонша, редакцияға сол нөмірді сұрап келушілердің нөпірін ескеріп, баспаханаға тиражға қосымша арнайы заявка беріп отырдық. Тәкең мұнымен тоқтамады, тереңдей берді, тіпті Алматының тарихына да кірісіп кетті. Оңаша бір әңгімеде «жатсам тұрсам, көңілімнен кетпейтін төрт тұлға бар. Ғұмыр жетсе олар туралы жазуым керек. Оның бірі Асекең еді, оның кілтін тапқандаймын. Қалған үшеуі – Т. Тоқбергенов, З. Серікқалиев, А. Сейдімбек» деп еді. Тәкең ол арманына жетпеді. Қайран, білімі ұшан-теңіз, талант тегеуріні мүлдем бөлек, өмірінің соңғы жылдарында «Құнанбай» мен «Біржан салдың» сценарийін жазып, ұзақ жылдардан соң киноның тілін түзеген біртуар бауырымызға Мемлекеттік сыйлықты да қимадық қой. Соңғы парызымыз болсын дедік пе, осы бір қиянат турасында газетімізде Әлия Бөпежанованың арзу мақаласын, салқын сөзін берумен ғана шектелдік. Оған пысқырған ешкім де болмады. Есесіне есіл ер «Ақшамды» бір биікке көтеріп кетті. Бұл өмірге тамсандыру, таңдандыру үшін келген қайран бауырым, рухың шат болсын! Ендігі бір өзін өзі ақтаған сәтті жоба – «Алматы ақшамының» кітапханасы». Бұл сериямен басылымда жарық көрген танымал тұлға-авторлардың еңбегін былай қойғанда, қосымша қаражат көзін тауып он шақты редакция қызметкерлерінің кітабын да шығарып бердік. Мұның сыртында берілген атақ, марапаттарды санамаламай, он беске жуық қызметкердің пәтерлі болғанынан ғана хабардар етсек, мұны неге айтып отыр дейтіндер табыла қоймас деген үміттеміз. Ең алдымен сол тұста Алматыға Иманғали Тасмағамбетовтің әкім болып келе қалғанын қарасаңызшы. Орайы келгенде айтқан жөн-ау. Осы өмірімде екі адамның уәдеге берік болғанын әлі күнге ұмыта алмаймын. Оның бірі – Шерхан Мұртаза, бірі осы – Тасмағамбетов. Имекең «Ақшамның» материалдық жағдайын жақсартып кетті. Пәтерді былай қойғанда журналистер үшін басты мәселе қаламақыны шешіп берді. Тозып тұрған көліктерді жаңартты. Бұл қуанышымызды көп көрді ме, редакцияға жаңа ғимарат іздеуге пәрмен бергенде Астанаға алып кетті. Жалпы өз кәсібіне адал болған, сонымен ауырған адам ғана елге жұмыс істейді, бірдеңе бере алады. Әсілі біз де сондайлардың санатында болдық-ау деймін. Өмірі газет көрмегендей, ия газетті жаңа көргендей жұмыс істедік. Жұмыс дегеннен есіме түсіп отыр. 2009 жылы 50 жасқа келдім. Сол күні таңала­геуімнен шаһарбасы Ахметжан Есімов телефондады. Сондағы құттықтаудан соң айтқаны: «Осы сені неге қызметтен алма­ғанымды білесің бе?» – деді де, тосын сауалға не дерімді білмей тосылып қалған мені «сендер жұмыс істейді екенсіңдер», – деп өзі құтқарды. Сол Ахаңның тұсында «Алматы ақшамының» 20, 25 жылдығы жоғары деңгейде өтті. Әсіресе 25 жылдықта сөйлеген сөзі есті оқырманның есінде деп ойлаймын. Мақтан үшін емес, әр нәрсені өз атымен, өз қалпында әңгімелеуге дағдыланған жөн деген принципті ұстанып отырмын. Сонда жұрт оның ақ-қарасын өзі ажыратып алады. Біз биліктің басылымына қай кезде де тас лақтырып жіберуге үйренгенбіз ғой. Оған тіпті ондағы журналистердің де еті үйреніп кеткен. Сондағы бар кінәміз түнде көлеңке іздемедік, біреудің ізінен шам алып түспедік, кектеніп, көкбеттеніп, кекетіп, мұқатып мақала жазбадық. Біз неге олай төмендеуіміз, неге ондай деңгейге түсуіміз керек? Онсыз да тосылып, таусылып, тоқырап тұрған жоқпыз. Біз үшін онсыз да тосын, таңсық тақырыптар жеткілікті еді. Газет ішінен оншақты қосымша басылым шықты. Қаладағы, елдегі мәселелердің бәріне соның бетінде жауап табылатын. Әсіресе бір ғана «Біз...» атты саяси-танымдық қосымшаның оқырман тартудағы ықпалын айтсақ та жеткілікті. Бірде «Сенбілік сауалнамада» «Әкімдердің кабинетінде неге домбыра жоқ?» деген мәселе көтерілді. Бір қызық жағдай, осы сауалнама шыққаннан соң бірер күн өткенде Түрксіб ауданынан бір қарт оқырман телефон шалып, әкім Устюговтың кабинетінен домбыра көргенін айтты. Мұндай мысал айта берсе көп. Қала ішіндегі проблемаларды, ақиқатты, шындықты билікке жеткізудің түрлі жолдары бар. Мәселен «Шындықты білгіңіз келсе, балаларға шығарма жаздырыңыз» атты тақырыппен қала мектептерінде оқушыларға еркін тақырыпта шығарма жаздырып, арнайы конкурс ашып, жеңімпаздарды марапаттадық. Сол шығармалардағы шындық тілшілерге жыл бойына азық, тіпті бағдар болатын.

МҮМКІНДІКТІ МҮМКІНДІГІНШЕ ПАЙДАЛАНДЫҚ

Айтпағым, биліктің басылымы деген сумақай сөз қазақтың дәстүрлі басылымдарының бәріне әлі күнге айтылып келе жатыр. Оқырманды от басы, ошақ қасының емес, елдік, ұлттық мәселелер, тұлға, тарих, таным-түйсік арқылы тәрбиелеп, тарту, үлкен сөз айту, жоғары интеллект таныту бұл басылымдардың басты идеалы, ұстанған бағыт-бағдары болды, әлі де солай, «Ақшамда» хал-қадерінше сол сапта келеді. Бес әкіммен жұмыс істедім. Жігіттер айтарын айтты, жазарын жазды. Ауызға қақпақ болған ешқайсысы жоқ. Бұл жөнінде айта берсек, алыстап кетеміз. Бір нәрсе анық: біз сұраншақ, жарамсақ болмадық. Әлгінде айтқан пәтері де, атағы да, депутаттығы да биліктің сол жанкешті еңбектің бағасын білгендігі арқасында келді. Ең бастысы бірдеңе жасай алған болсақ, осының бәрі университеттен кейінгі көрген университе­тіміз, мектебіміз, бала күнімізден балапандай бауырына басқан баспасөздегі баһадүр басшыларымыз (өкінішке қарай, ұлттық баспасөздің ұстыны болған сондай тұлғалар туралы айтыла бермейді), тұлғаларымыз. Біз бар болғаны солардың рухани мұратына адал болуға тырысып, солардың ұлт баспасөзіне алып келген мінезін, болмысын жаңғыртушы, сонымен өмір сүруші ғанамыз. Интернеттің иіріміне түсіп кетпей, ұлттық журналистикада қалыптасқан мектептің мазмұнын байыттық. Бізді, бірнеше буынды «Шер­ханның шекпенінен шыққан» деп жатады. Бір ағамыз «осы қит етсе, Шерхансыз сөйлемейсің» деп кейіс білдіруші еді. Тағы да айтайын, шенеуніктің емес, Шерханның шекпенінен шыққанымызға шүкір, Бұл ешқашан кір шалмайтын, шаң баспайтын, шірімейтін, шедевр шекпен. Бірнеше іргелі басылымдарда басшылықта болдым. Соның ішінде «Алматы ақшамында» ұзақ уақытым өтті. Осынау жылдар ішінде өзіңді бастық сезінуге уақыттың да тапшы болғанының өзі бір бақыт еді. Ұзақ жыл билік дәлізінде жүрген адамның шылқыған шенеунік болып шығуы да мүмкін еді. Бізді бұдан құдай сақтапты. Оның басты себебі, біздің қыз-жігіттер өзін биліктің баспасөзінде істеп жүрміз деп сезінбеді. Тіпті ұсынған лауазымды қызметтерден бас тартқандар да болды. Олар өзін қай жерде керек екенін, әркім өз ісімен айналысса ғана, өз орнында отырса ғана елге қызмет ететінін терең парықтады, басқаның бәрі баянсыз екенін дер кезінде түйсінді. Егер газет талапқа сай шыққан болса, оның сырын осы қарапайым қисындардан іздеу керек. Газетті бас редактор ғана шығарады деу қисынсыз. Газетті түрлі пікір, түрлі көзқарас шығарады. Кешегі демократияның үп еткен лебі де сезілмейтін күнде оқ пен оттың ортасына жүріп те Шерағаң, Камал ағалар елдің сөзін айтудың жолын тапты, басын бәйгеге тікті. Бірақ олар жалғыз емес еді. Әрқайсысы бір-бір редактордай сарбаздарына да арқа сүйеді. Ол тұстағы сұрапылдың, басылымдардағы лездеме кезіндегі қан сорпа айтыстардың талайын көзіміз көрді. Демек, Әбділда ақын айтқандай, «кешеден келдік бүгінге». Егер бойымызда шындықтың бір шалығы болса, солардан қалған мұрадай көрдік. Сол кезеңмен салыстырғанда бізге қалай болғанда да мүмкіндік берілді. Мүмкіндіктер кезеңіндегі өмірге тап келдік. Мүмкіндігінше мүмкіндікті пайдаландық. Сондай кезеңде бар қабілет-қарымын басылымға арнап, өз кәсібіне, рухани мұратқа адал болып, мамандығын мансапқа айырбастамаған әріптестеріме әр кез басымды иіп, елжіреп еске еске алып жүремін. Газет жасау – өнер, оның әр нөмірі бір шағын қойылым дайындағанмен бірдей, тіпті ғылым десе де болады. Қапелімде еске түскен жайлар да – сол газетнаманың бір үзігі.

«Аnatili.kazgazeta.kz», 14 Қыркүйек, 2023