Екі жасар баланың өмірін сақтап қалды

Екі жасар баланың өмірін сақтап қалды
Сурет: №2 балалар клиникалық ауруханасы

Бұрын балдырғанға қызылша диагнозы қойылған екен.

Алматы қаласының №2 балалар клиникалық ауруханасына улану симптомдары бар екі жасар бала жеткізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Хирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Каптағаевтың айтуынша, ауруды диагностикалау өте қиын болған. Себебі, клиникалық көріністер, нақты деректер айқын болмаған. Одан әрі емдеу тактикасын дәрігерлер консилиумы қарастырып, диагностикалық лапароскопия жасау туралы шешім қабылданды.

«Диагностикалық лапароскопия кезінде іш қуысында үлкен мөлшерде өт табылды. Холецистит. Өт перитониті. Өт жолының перфорациясы шамамен 0,5 см. Бұл перфорацияның пайда болуының нақты себептері белгісіз болды. Көп жағдайда ішкі ағзалардың перфорациясы оларда тастардың немесе паразиттердің болуына байланысты болады. Желшешекпен ауырғанда ішектің перфорациясы болған жағдайлар орын алған, бірақ ол жағдайда ішекте де, сыртқы теріде де бөртпелер болатын. Мұнда іш қуысында бөртпелер болған жоқ. Ешқандай себепсіз туындаған перфорация және өт жолының перфорациясы деген хирург ретінде көп жылдық тәжірибемде бірінші рет болып тұр. Қолда бар медициналық әдеби мәліметтерге сәйкес мұндай ақпаратты ешкім бермеген. Бұл өте сирек кездесетін патология», – дейді хирург.

Сәбидің өмірін сақтау қалу үшін тәжірибелі хирургтар өт қабын лапароскопиялық жолмен алып тастады. Бұл дұрыс таңдау, басқа нұсқа болмады. Тесікті (перфорацияны) тігу мүмкін емес, стенозға және басқа асқынуларға әкеледі.

Дәрігер Каптағаев отаның күрделі, техникалық қиындықтармен өткенін атап өтті. Себебі, ота үстелінде шынашақтай баланың жатқанын ескерсек, ота өрісі де тым кішкентай болған. Жалпы өт жолы мен қаптық өт жолы арасындағы қашықтық өте аз, әрең байланған. Ота екі сағатқа созылды.

«Отадан кейінгі кезең бірқалыпты өтті. Барлық симптомдар жойылды. Баланың анасы өте риза болды. Отадан кейін 10-шы күні біздің кішкентай науқас үйіне жіберілді. Гиппократтың мынандай сөздері бар: «Мен барлық түйіні шештім, тек өлім түйінін шеше алмадым». Біздің жағдайда біз өлім түйінін шеше алдық, баланың өмірін сақтап қалдық және біз өте қуаныштымыз!», – дейді Марат Каптағаев.