Димаш Құдайберген Армениядағы жанкүйерлерімен кездесті

Димаш Құдайберген Армениядағы жанкүйерлерімен кездесті
Сурет: Inform.kz

1 мамырда қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Еревандағы концертінен кейін жанкүйерлерімен кездесу өткізіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Еске сала кетсек, 28 сәуірде Димаш Құдайберген Армения астанасы Ереванға ұшып барып, әуежайдан видео жариялаған еді. Кейін жанкүйерлерімен бірге түскен суреттерімен де бөліскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап..  

Концерттен кейін жанкүйерлер Димаш орындаған «Сарери овин мернем» армян әнін YouTube арнаға жариялауды өтінген.

Фан-кездесуде Димашқа бірнеше сұрақ қойылды. Соның бірі әнші дәмін татып үлгерген армян тағамдары туралы болды.

«Армян кәуаптарына сөз жоқ. Өте дәмді. Маған қатты ұнады», - деді Димаш.

Оның айтуынша, армяндар - «өзімізге», яғни қазақтарға ұқсаған өте қонақжай халық.

Осы орайда, ол ұшақта армян азаматымен болған қызық оқиға туралы айтып берді. 

«Ұшақта армян азаматымен сөйлесіп қалдым. Ол кешке не істейтінімді, жұмысым қашан аяқталатын сұрады. Мен білмеймін деп жауап бердім. Сосын ол өз телефон нөмірін жазып беріп, «кез-келген уақытта хабарласыңыз, дастархан жайып қоямыз» деді. Армяндардың қазақтар сияқты қонақжай екенін сонда түсіндім», - деп түйіндеді әнші.