Дәрігерлер екі жасар сәбидің артық саусағын алып тастады 

Дәрігерлер  екі жасар сәбидің  артық саусағын алып тастады 
almaty-akshamy.kz

Оңтүстік астанадағы №2 Қалалық клиникалық балалар ауруханасының ортохирургтері Ресейдің Н.Пирогов атындағы Жоғары медициналық технологиялар клиникасы мамандарымен бірлескен шеберлік класы аясында күрделі ортопластикалық ота жасады.

Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, қыз бала полидактилияның күрделі түрімен туған. Оның оң қолындағы бас бармағы қосарланып кеткен. Мамандардың сөзіне сүйенсек, артық саусақты алып тастау оңай шаруа емес. Ол үшін қолдың эмбриологиясын жетік білу қажет. Оның үстіне, іштей кемістік салдарынан қосарланып кеткен бас бармақтың пішіні бұзылып, тым жіңішкеріп кеткен екі саусақтан бас бармақ жасау қажет болды.  

Клиникада өткен бес күндік шеберлік класы барысында аяқ-қол кемістігімен туған немесе басқа да күрделі диагноз қойылған қазақстандық 5 балаға ота жасалды. Бірнеше сағатқа созылған күрделі операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен жасалды.

«Ресейлік әріптестер бізге «Милосердие» қорының шақыртуымен келді. Шеберлік класына Алматы, Павлодар, Қарағанды, Талдықорған, Алматы облысының балалар ортопедтері, ортохирургтер,  анестизиологтар да қатысты. Күрделі ортопластикалық және қалпына келтіруге бағытталған оталарға қоса, көптеген балалар білікті мамандардан кеңес алды», - дейді №2 ҚБКА директоры Марат Рабандияров.

Бір айта кетерлігі, операциялар жергілікті жансыздандырудың бірегей технологиясын қолдана отырып жасалды. 

«Бұл технология барысында процесті толығымен УДЗ құралы арқылы бақылап отыру қажет. Ол жансыздандыру кезінде қолданылатын наркоз мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Бала тез есін жиып, наркоздың кері әсері азаяды. Бала операция залында оянады», - дейді аурухананың травматология бөлімшесі меңгерушісі Ерлан Садырбалин.