Бүгін – Қазақстан Қарулы Күштері Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні

Бүгін – Қазақстан Қарулы Күштері Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні
Сурет: Министрлік

Бүгінде 250 мыңнан аса балалар мен жасөспірімдер "Жас сарбаз" республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысының құрамына кіреді

Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы бұйрығымен еліміздің Қарулы күштерінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі бекітілген болатын. Ол мамырдың әр төртінші жексенбісінде атап өтіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Шығармашылық өкілдері өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, Қазақстанның тарихи мұрасын дәріптеуде, әскери қызметшілердің бойындағы патриотизмді дамытуда және жауынгерлік рухын арттыруда маңызды рөл атқарады. Қарулы Күштерде бұл салада 2015 жылы құрылған Ұлттық әскери-патриоттық орталығы қызмет етіп келеді.

Елордадағы бұл көпфункционалды мекеменің құрамында Орталық ансамбль, Орталық әскери оркестр және Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі бар. Жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеудегі ауқымды жұмысты Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Алматы филиалы да жүргізуде. Сонымен қатар Қарулы Күштердің басқа да гарнизондарында осындай мекемелер құру жоспарда бар. 

Бүгінде 250 мыңнан аса балалар мен жасөспірімдер "Жас сарбаз" республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысының құрамына кіреді. Балалар әскери-патриоттық клубтарда, "Жас сарбаз" сыныптарында және Smart Sarbaz үйірмелерінде әскери істің негіздерін меңгеруде. Елорда мен Алматының Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жанынан Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің балаларына арналған домбыра, вокал, хореография сынды шығармашылық студиялар ашылған. Олардың ішіндегі мықтылары жыл сайын өтетін "Айбын" республикалық жастар жиынында өз жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік алады.

Қазақстандағы ең ірі Мемлекеттік әскери-тарихи музейде жиырма мыңнан астам экспонат сақтаулы. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен белгілі мемлекет қайраткерлерінің ұрпақтары сыйға тартқан отбасылық жәдігерлер де бар. Мұнда Бөгенбай, Айдарбек, Қожаберген және басқа батырлардың қару-жарағы мен сауыт-саймандары сақталған.

Биылғы жылы ҰӘПО жанынан көктемде әскерге шақырылған мерзімді қызметтегі сарбаздардан шығармашылық взвод құрылды. Әскери борышын өтеген жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Олар ЖОО-ға жеңілдікпен түсе алады немесе Қарулы күштердің шығармашылық ұжымдарында келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруына болады. 

Өңірлерде 21 әскери оркестр жұмыс істейді.

Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде бұл орталықтың ұжымы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің "Бейбітшілік кернейі" халықаралық әскери оркестрлер фестиваліне, "Амур толқыны" халықаралық әскери-музыкалық фестиваліне (Хабаровск қ., Ресей), V Халықаралық әскери оркестрлер фестиваліне (Нанчан қ., ҚХР), Халықаралық армия ойындарына (қ. Мәскеу, Ресей) қатысты.

Армияның жауынгерлік рухы, оның жауынгерлік қабілеті патриотизмге және жауынгердің Отан қорғаушының ұлы миссиясына деген шынайы сеніміне байланысты. Қазақстан Қарулы Күштерінің мәдениеті мен өнерінің талантты өкілдері әскердің маңызын өнермен дәріптеуге, нығайтуға және беделін көтеруге ықпал етіп келеді.