БҚО-да елді мекендерді су басу қаупі сейілді

БҚО-да елді мекендерді су басу қаупі сейілді
сурет: gov.kz

БҚО-да су тасқыны жағдайына аэровизуалды барлау жүргізілді.

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайына аэровизуалды барлау жүргізілді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің телеграм каналына сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Е. Балтаев және Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Е. Өтегенов «Қазгидромет» және «Қазсушар» РМК басшыларымен Орал қаласы, Бәйтерек және Тасқала аудандарындағы су тасқыны жағдайына аэровизуалды барлау жүргізді.

Әуеден барлау барысында Деркөл, Шаған және Шежін-2 өзендері мен бассейндерінің жай-күйі зерттелді, өзендер бойында орналасқан елді мекендердің айналасына мониторинг жүргізілді.

Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта Тасқала ауылындағы Деркөл өзенінде су деңгейі – 520 см, Шежін-2 өзенінің су деңгейі – 761 см. Елді мекендерге қауіп жоқ.

Сонымен қатар, бүгінгі күні Орал қаласы, Ақжайық, Бөрлі, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Жаңақала, Казталов, Сырым және Бәйтерек аудандарында еріген қар суы сорылды. Тәулігіне – 25 863 м3 (барлығы 103 839 м3).

Орал қаласы, Теректі және Сырым аудандарында қарды шығару жұмыстары жүргізілді. Тәулігіне – 8 338 м3 қар (барлығы – 319 915 м3). 535 ойық бұрғыланды, 230 м2 мұз кесілді, 690 құм салынған қап төселді, 2,8 км арық, 128 су өткізгіш құбырлар тазартылды.