Бішкекте қазақ-қырғыз жастарының алғашқы форумы өтті

Бішкекте қазақ-қырғыз жастарының алғашқы форумы өтті
Сурет М.Әшімбаевтың ФБ парақшасынан

Қазақ пен қырғыз – ежелден іргесі бөлінбеген, тарихы мен тағдыры егіз халық. Қазіргі таңда осы ынтымақтастықтың сабақтастығын сақтап, одан әрі дамыту аса маңызды. Осындай мақсатпен Бішкекте қазақ-қырғыз жастарының алғашқы форумы өтті. Біртуған елдердің бірлігін бекемдеуді көздеген іс-шараға бір топ әріптесіммен бірге біз де арнайы қатыстық.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас қана емес, бауырлас мемлекет екенін үнемі айтып келеді. Жоғары деңгейдегі екіжақты байланыс қазақ-қырғыз қарым-қатынасының барлық бағытта қарқынды дамуына негіз болып отыр.

Осы орайда жастарымыздың да бас қосып, ортақ мәселелерді талқылап, ой-идеяларымен бөлісуіне жағдай жасау, олардың достықтарын нығайту мемлекеттер үшін айрықша мәнге ие екенін атап өткен жөн.

Жалпы, біздің ортақ тарихымызда өнеге ретінде көрсетуге тұратын қарым-қатынастар аз емес. Бұл ретте руханият пен мәдениеттің алар орны ерекше. Оның ішінде әйгілі «Манас» жырын алғаш рет Шоқан Уәлихановтың қағазға түсіргені, Сүйінбай мен Арыстанбек, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Османқұлдардың байланысы көпке мәлім.

Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың және басқа да зиялы қауым өкілдерінің достық пен туысқандыққа табан тіреген байланыстары бәрімізге үлгі. Осындай жақындық өскелең ұрпақ үшін өнеге болуға тиіс.

Сондықтан жастарымыз бабалардан аманат болған ізгі дәстүрді лайықты жалғап, мәдениетпен бірге ғылым-білім, инновация, бизнес және тағы басқа салаларда бірлесіп әрекет етеді деп сенеміз. Форумның басты мақсаты да осы.

Қырғыз еліне сапар барысында әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған халықаралық конференцияға да қатыстық. Адамзаттың Айтматовы атанған тұлғаның өнегелі өмірі мен шығармалары екі халықтың арасындағы «алтын көпірі» екені даусыз.

Әлемдік әдебиеттің феноменіне айналған қаламгердің туындылары негізінен гуманизм мен адамгершілікті дәріптейді. Сондықтан ол шығармалар ешқашан өзінің өзектілігін жоғалтпайды. Қайта, бүгінгідей құндылықтар құнсызданған, популизм мен жалған ұрандар белең алған кезеңде олардың маңызы арта түсетіні анық. Сондықтан Айтматовтың мұрасын дәріптеу қазақ үшін де ерекше мәнге ие.

Сонымен қатар сапар кезінде Қырғызстан Жогорку Кенешінің құрылғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияға және ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 56-шы пленарлық отырысына қатыстық. Сондай-ақ ТМД елдерінен келген бірқатар әріптесіммен екіжақты кездесулер өткізіп, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуды және өзге де маңызды мәселелерді талқыладық.

Алдағы уақытта бұл сапар тамыры бір бауырлас елдердің береке-бірлігін арттыруға өз септігін тигізеді деп сенеміз.