Бір топ азамат кіші қажылық өтеуге велосипедпен жолға шықты

Бір топ азамат кіші қажылық өтеуге велосипедпен жолға шықты
Сурет: Astanatv.kz

Қажы аталардың жолын жалғаған түркістандық азаматтар бір айда Меккеге жетуді жоспарлап отыр.

Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Аққорған елді мекенінде тұратын бір топ азамат кіші қажылық парызын өтеу үшін велосипедпен жолға шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап. 

Қарапайым "Урал" велосипедіне мінген олар кеше Қазығұрт ауданы маңына тұрақтаған. Ал, бүгін "Түркістан-Самара" бағыты арқылы сапарын жалғастырады.

«Меккеге жаяу барсаң, әр қадамыңа сауап жазылады дейді. Әйтпесе, қазір бүгін ұшаққа мінсең, бүгін жететін мүмкіндік бар ғой. Біз баяғы қажы аталарымыздың жолын жаңғыртып, осылай жаяу-жалпы, велосипедпен шығуды жөн көрдік», - дейді Жаппарәлі Ташметов.

Ауылдан 4 адам болып шыққан топтың қариясы - өзі. Жасы 60-ты алқымдаған. Қасында баласы және тағы екі туысы бар.

«Ұлым Исламның жасы 29-да. Ал, туыстарым Ұлан 50-де болса, Мұзаффар 47 жаста. Өзім 61-ге аяқ бастым. Жолға қажетті карта, компас секілді заттарымызды алдық. Ал, асымызды жолдан ішіп жатырмыз. Кей жерлерде сатып алсақ, кей жерлерде халық өздері тамақтандырып жүр», – дейді ақсақал.

Ақсақал бұл саяхатқа біраз уақыттан бері дайындалыпты. Алыс сапар болғандықтан, велосипед мініп, ауыл арасында шыныққан. Осы жолы әуелі Ақтау қаласына барып аялдап, Каспий теңізі арқылы Түркияға өтеді екен. Жалпы, жолаушылар қазіргі жылдамдықтарымен бір айда Мекке қаласына кіруді жоспарлап отыр.