Бір өзі - алты адам

Бір өзі - алты адам
Сурет: ашық дереккөз

 «Ендігі арманым – қытай тілін үйрену»: 6 тіл білетін түркістандық мұғалім жайлы не білеміз 

24 kz-тің мәліметіне сәйкес, Түркістан облысы Қазығұрт ауданында ана тілінен бөлек, 6 тіл білетін Смадияр Кәрімов есімді мұғалім тұрады. Смадияр Кәрімов Қалаубек Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Ол қазақ, орыс, өзбек тілдерінен бөлек, түрік, араб, кәріс тілдерін меңгерген. Айтуынша, араб тілін бала кезінде әкесінен үйренсе, ағылшын, түрік, орыс тілдерін мектепте оқып жүргенде үйренген.

 ««Бір тілді үйренсең. бір адамсың, екі тілді үйренсең. екі адамсың» деген сияқты, бір тілді үйреніп алсаң, ары қарай оңай келеді екен өзі», - дейді Смадияр Кәрімов.

Мұғалімнің сөзінше, кәріс тіліне деген қызығушылық Кореяға барып келгеннен кейін оянған.

 «Арнайы оқыған жоқпын, өзім іздендім», - дейді ол.

Зейінді ұстаздың ендігі арманы – қытай тілін үйрену. Смадияр Кәрімовтің сөзінше, қанша қиын болса да, ниеттенген адам мақсатына жетпей қоймайды. Сондықтан ол оқу-білімге құштар болудың, тілін үйренудің ерте-кеші жоқ деген пікірде.