Билік пен бақ бірлесіп жұмыс істесе, халықтың көптеген мәселесін шеше алады

Билік пен бақ бірлесіп жұмыс істесе, халықтың көптеген мәселесін шеше алады
abai.kz

Қазақтың көрнекті қа­ламгері Шерхан Мұртаза «Журналистің арқалаға­ны – алтын, жегені – жан­тақ» деген бір ауыз сөз қалдырды. Осы бір ауыз сөздің төңірегінде талай сыр жатыр. Әлбетте, алдыңғы буын өкілдерінің іс-тәжірибесі, көргені мен түйгені мол. Қоғам тіршілігінің көшіне ілескен жас ұрпаққа айтар ойы да бар. Осы орайда Қазақстан Журналистер одағы­ның төрағасы, медиаме­неджер Сейітқазы МАТАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

ШЫНДЫҚ САЛТАНАТ ҚҰРҒАН ОРТАДА ӘДІЛДІКТІҢ АҚ ТУЫ ЖЕЛБІРЕЙДІ

– Сейітқазы Бейсенғазыұлы, сіздің ойыңызша, «Әділетті Қазақстан» орна­туда әрбір жанның рөлі қандай болуы керек?

– Қазіргі таңда Қазақстан Республика­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен «Әділетті Қазақстан» идеясы жүзеге асуда. Ендігі кезекте осы бастама іске аса берсе деген ниетіміз бар. Осыған байланысты өңірлерде түрлі жиындар өтуде. Бұл – өте дұрыс қадам! Бізге шындық ауадай қажет.

Бір нәрсені шегелеп айтайын. Шындық салтанат құрған ортада әділдіктің ақ туы желбірейді. Өзім журналистика саласында істегендіктен, жалғандықтан гөрі шын­дықтың кешігіп жететінін көрдік. Бірақ түбі адалдық орнайтынына көз жеткіздік. Иә, кейбір адамдардың бұл ойды түсінбеуі ықтимал. Алайда, уақыт өте келе бәрі өзге­реді. Жалшы болсаң да, журналист болсаң да, ғалам адамы атансаң да бәрін заң бо­йынша істеген дұрыс. Сонда қоғам оңала­ды. Бұрынғыдан жеткен тәмсілге зер сал­сақ, «Ауруын жасырған өледі» дейді. Мейлінше кеткен кемшілікті түзеп, бола­шаққа бет бұрудан танбасақ дегім келеді. Өмір деген қас-қағым. Бұл жалғанда әр азамат өз Отаны үшін қолынан келген жақ­сылығын жасаса дейміз. Сонда ғана өрке­ниетті елдердің қатарына қосыларымыз анық.

– Қазақ журналистикасы қанша­лықты қауқарлы? АҚШ, Еуропа журна­листерімен салыстыруға бола ма?

– Әрине, әбден болады. Бірақ қараңыз­шы, қай жағынан салыстырасыз, міне, мә­селе сонда. Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Франция, Германияда БАҚ бұрыннан қауқарлы түрде жұмыс істеп келеді. Шамамен 2-3 ғасырдан бері бір жүйеге түсті. Олардың бізге қарағанда тәжірибелері де мол. Reuter, BBC агенттік­терінің де қауқары жоғары. Заңға бағына­ды, соның шеңберінде тірлік қылады.

Бүгінгі күні Қазақстан Журналистер одағына 6 мың кісі мүше болды. Филиал­дармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс іс­тейміз. Елдегі БАҚ абыройын көтеруге атсалысып жүрміз. Бұйырса, алдағы ойла­рымызды іс жүзінде жүзеге асырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

 

МЫҚТЫ МЕНЕДЖЕР  ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ БАҒЫН АШАДЫ

– New York Times, Washington Post сияқты алпауыт газеттердің әлі күнге дейін атағы асқақтап тұр. Әлем ел­дерінің баспасөзіне үлгі болуда. Олар­дың дәуренінің бұлай жүріп тұруына не себеп?

– Біз бір нәрсені ұғайық. Бәрі тәжіри­бемен келеді. Сөзіңіздің жаны бар. Шетел ақпарат құралдарының даңғылы, жөн-жо­сығы бөлек. Олар тиражға мән береді. Содан кейін бұл елдерде маркетолог, ме­диаменеджерлердің еңбегі ерекше зор. Қоғамдағы саяси-экономикалық, әлеу­меттік саланы жақсы қамтиды. Мобильді жылдамдықпен қозғалады. Сапалы дүние жазады. Бірақ заңды аттамайды.

Бір кездері «Азаттық радиосымен» қатар бір ғимаратта отырдық. Иық тіресіп жұмыс істедік. Сонда байқағаным, шетел ақпарат құралдары белгілі бір «жарғы» бойынша істейді. Олар да жазуға «бола­тын» және «болмайтын» дейтін шекараны сақтайды. Мәселен, мүгедек жан туралы жазылмайтын көрінеді. Кейбірінің баласы аурушаң болуы мүмкін. Міне, осындай ережеге бағынады. Айтпағым, әр редак­цияда ереже болуы керек. Демек, сөзден іске көшсек, газетті ғаламдық деңгейге көтере аламыз.

– Сырт елде таңғы астың өзінде га­зет, журнал оқып отырғанын байқай­ мыз. Ал бізде газет оқылмайтын жағ­дайға жеткендей...

– Оқырманды тартуға болады. Біздегі кілтипан – ұйымдастырушылықтың ақсап жатқанында. Әлгінде осының негізгі тетігін айтып өттім. Осы күні материал­дар қызықсыз дейміз ғой. Шын мәнінде олай деп ойламаймын. Шетел басылым­дарын зерделеп, аналитикалық талдау жасайық.

Материалдың құндылығы арта түсуі үшін саяси эксперт, әр сала бойынша са­рапшы маман, қысқасы зерттеуші маман­дарды тарту керек. Елдегі болып жатқан оқиғаға бей-жай қарамайтын, өз ойын ашық білдіретіндер көпті өзіне тартады. Бірақ жалғандық пен даңғазалыққа са­лынбаған жөн.

– Бүгінгі журналистің қандай болға­ны абзал?

– Өзімнің өмірлік тәжірибеме сүйеніп ой айтсам, кеңестік кезеңде «Известия» газетінің Қазақстандағы меншікті тілшісі болдым. Мәскеуге барғанда бізді құрмет­теп, материалдарымызды оқитын. Көбіне кәнігі корифейлер тәлім берді. Үйретті, іс-тәжірибесімен бөлісті. Осы сабақтас­тық әлі де қажет.

Журналист білімді болуы қажет. Тағы қайталап айтамын, заң бағытына қараса екен. Тілші заңды білсе, құқығын қорғай­ды. Ал журналистің құқығы қорғалса, қалған мамандық иелеріне де пайдасы болар еді.

Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ.