«Ақшамға» ағымнан жарылу

«Ақшамға» ағымнан жарылу
almaty-akshamy.kz

«ALMATY AQSHAMY» – 35. Біздің түлектер

Құрметті «Ақшам»! Мен қазір елудің бесеуіне жақындаған басалқалы жастамын. Өмір ағыны аударма саласының иіріміне батырып жіберсе де, сен ұштап берген қаламым қолымнан түскен жоқ деп айта аламын. Ал сен 35 жасқа толып жатыр екенсің. Он жасқа толтырған кезімізде, шіркін, Бақытжан Жиенғалидай баспасөз майталманы, Ерғали Сағаттай қазақтың ақсүйек, сырбаз қаламгері көшбасымыз болып көшелі сөз бастап, көсем сөз саптап, ауыздарына қаратып, көпшілікті ұйытып, бағындырып отыратын.

Есенәлі Ерәлі, Қанат Қайым ағаларымыз редактор орынбасарлары, Жексен Алпартегі ағамыз «жаухатшы» болып, мен тілшісі болған әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Әнуар Тарақ ағамызбен, саясат сардарындай Бейбіт Жұмажан апамыз, хаттарды сөйлетіп, оған өзінің шешен шалқымасын қосатын Нұржамал Байсақал, экономика тамыршысы Мұрат Мұқаш, Желтоқсан ардагері Құттыбек Аймахан, әнші серіміз Нұрболат Сұлтанғазы – бәріміз шетімізден қалам көрігін қыздырып, басылымның төл оқырманын топтастыру мақсатына ой күшін де, бой күшін де сарп еткен едік. Роза Қараева, Жанарбек Әшімжан, Әлібек Шегебай сияқты ұйқас өрнегі айшықты ақындардың алғашқы салмақты мектебі «Ақшам» болды деп айтуымызға болады. Желтоқсанның қаһарман қыздарының бірі Шолпан Жұмаділдің де қолтаңбасы бар ескі парақтарда...

Өмірдің жөңкілген ағыны мені медициналық аударма жағалауынан бір-ақ шығарды. 2010 жылдан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарамағындағы Аударма және тілдерді дамыту басқармасының аудармашы маманы қызметін атқарып келе жатырмын.

Осынау мағыналы белестердің өмірбаянымда жазылып қалғанына мың да бір шүкіршілік етемін. Бұрынғы мерейтойлық басылымдарда «Бағымды ашқан, шамымды жаққан Ақшамым» деген атпен естелік жариялаған едім. Қазір де сол сөзді бар даусыммен мақтанышпен қайталап айта берер едім. «Ақшамым», алғыс саған, қастерлі босағаңа бас иемін!