«Сол үшін айлық алып отырған жоқсыз ба?»

«Сол үшін айлық алып отырған жоқсыз ба?»
azattyq-ruhy.kz

«ALMATY AQSHAMY» – 35. Біздің түлектер


Ардақты ағамыз, ұлағатты ұстазымыз Қали Сәрсенбай 2005 жылдың көктемінде «Алматы ақшамы» газетіне жұмысқа шақырды. Солайша, алып шаһардың бас басылымында, қазақ журналистикасының корифейлерінің бірі Қалағаңның қоластында қызмет ету бақыты бұйырды.

Бас редактор алғашқы күннен қаланың қым-қуыт тіршілігіне, қайнаған қазанына салды да жіберді. «Ұйықтамайтын Алматы», «Алматыны кімдер басқарды?», «Алматыға сыймай кеткен ақындар», «Шаһар шаруашылығы» секілді жобалар ашылып, Алаштың аяулы мекеніне қатысты тақырыптың, тарихтың барлығы қозғалды. Жұрт санасынан өшіп бара жатқан уақиғалардың бәрі газет бетінде нөмір сайын жарық көріп жатты.

Қали Қошқарұлы «Ақшамдағы» шығармашылық ұжымды аға буын мен жас журналистердің тепе-теңдігін сақтай отырып жас ақт ады. Өтеш Қырғызбай, Сәрс енбек Бекмұратұлы, Ермек Жұмахметұлы, Әнуарбек Әуелбек, Нұржамал Байсақал, Рая Ескендір секілді майталман қаламгерлермен қатар Думан Анаш, Өркен Жоямерген, Жандос Байділда, Азамат Қасым, Әсия Бағдәулетқызы, Айгерім Сауытбекова, Мәншүк Бекбосын секілді жастар қызмет етті. Бүгінде Қалағаңның қайрағынан өткен сол азаматтар отандық журналистиканың маңдайалды мамандарына айналды. Бұл да Бас редактордың тұлпарды тайынан танитын қасиеті болса керек.

Бір қызық жағдай болды. Бас редакторға мақаламызды апарамыз. Басында редакциялап, кем-кетігін түзеп, олқы тұсын толықтырып отыратын. Тақырып міндетті түрде ауысады. Кейіннен мақаланың өн бойына тиіспейтін болды. Бірақ тақырып өзгереді. Қандай тақырып қойып апарсақ та, Қалағаңның талғамына сай келмейді. Содан кезекті бір материалды тақырыпсыз апардық.

– Мынаның тақырыбы қайда? – деді Қалағаң көзәйнегінің үстінен қарап.

– Тақырыпты бәрібір ауыстырып тастайсыз ғой, – дедік біз.

«Бара бер» дегендей иегімен есікті нұсқады. Шығып кеттік. Артымыздан мақаламыз келді. Тақырыбы жайнап тұр. Содан Қали ағаға мақаланы тақырып қоймай апаратын әдет шығардық. Еркелігімізді басында көтеріп жүрді. Бір күні шыдамай кетті.

– Әй, тақырыпсыз мақала шала туған бала сияқты. Неге біртұтас дүние әкелмейсің? Әлде, сенің мақалаңа тақырып қойғаннан басқа жұмысы жоқ деп ойлайсың ба? – дейді ұстазымыз күйіп. Біз де ашуын қалжыңмен тарқатпақ болдық па, әлде ойланбай айта салдық па, білмеймін, табан астында:

– Аға, сол үшін айлық алып отырған жоқсыз ба? – деппіз.

– Өй, күшік, құры, – деді де, соңынан қарқылдап күлкіге басты бастығымыз.

Қатты ашуланбағанына қуанып жайраң қағып кетіп бара жаттық. Кейіннен осы жағдайды Қалағаң біразға дейін айтып жүрді. Бірақ бар ғой, содан соң қойған тақырыбымыз Бас редактордан ауыспай шығатын болды.

«Алматы ақшамынан» 2008 жылы «Ана тіліне» ауыстық. Ұжыммен қимай қоштастық. Тілшілердің бөлмесінде Әсия, Мәншүк, Айгерімнің көзіне жас келіп, жігіттер жағы қыздарды жұбатып, «соғысқа кетіп бара жатқан жоқпын ғой» деп әзілдеп, әзер тарқасқан едік.

«Ақшам» менің өмірімдегі өнегелі мектептің бірі. Сонысымен де біз үшін қымбат, қастерлі. Сүйікті газетіміздің жарық көргеніне 35 жыл толып жатыр екен. Құтты болсын айтамыз. Өсіп-өркендей беріңіздер, қадірлі әріптестер!