Білекті, жүректі жауынгерлер – біздің қорғанымыз

Білекті, жүректі жауынгерлер – біздің қорғанымыз
сурет: Аlmaty-akshamy.kz

Білекті, жүректі жауынгерлер – біздің қорғанымыз

ЧЕРКАСОВ Даниил Юрьевич – ҚР Ұлттық ұланның Алматыдағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 7552 әскери бөлімінде жанар-жағармай қызметінің басшысы, аға лейтенант, 25 жаста. Оны көрген адам бірден орысша тіл қатады. Ал ол жылы жымияды да, қазақша жауап береді. Себебі, ол таза қазақша сөйлейді.

 – Даниил, қазақшаны қайдан, қалай үйрендіңіз? Қиын болған жоқ па?

– Ешқандай қиын болған жоқ. Себебі, менің өскен ортам - қазақ. Алматы іргесіндегі Қарасай ауданына қарасты Бекболат ауылында тудым. Ауылда қазақ мектебінің табалдырығын аттадым. 9-сыныпқа дейін сонда білім алып, республикалық әскери мектеп-интернатына оқуға түстім. ҰБТ-ны да қазақша тапсырдым. Достарым, айналам тегіс қазақ болды. Сондықтан еркін сөйлеймін. Тіпті, сенесіз бе, қазақша ойлап тұрамын. Мектепте диктант, шығарма жазғанда орыс тілінен «үштік» баға алып қалатынмын. Шынымды айтсам, орыс тілінде сөйлеуге қысылатын кездерім көп, акцентім бар өйткені.

– Қазақша қандай сөздерді жиі айтасыз?

– Махаббат. Ұлттық ұлан. Ассалаумағалейкум. Негізі, мұсылманмын (татар), әлхамдулиллаһ!

– Әскери адам болуды бала кезден армандадыңыз ба?

– Иә. Құрлық әскері болуды армандаған болатынмын. Әскери мектеп-интернаттан кейін оған түсе алмай қалдым да, «Нархозды» «ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бітірдім. Міне, қазір Ұлттық ұланда жүрмін. Жалпы, қай сала болсын, жүрек қалауымен, асқақ арманмен келсеңіз, табыс та, жетістік те, абырой-бедел де сізді өзі-ақ іздеп табады деп ойлаймын.

– Мемлекеттік тілдің сізді жетістікке жеткізген немесе әлдебір тығырықтан шығарып алған сәті болды ма?

– Мен түрлі этнос өкілдері арасында өтетін байқауларға жиі қатысамын. Қазақша мақал-мәтелдердің біразын жаттап алдық бүгінде. Ән де саламыз. Жүлделерім де аз емес. Кеше ғана сондай бір сайысқа, дәлірек айтсам, өзіміздің әскери бөлім арасында өткен байқауға қатысып, 1-орынды иелендім. Жетістіктерім деп осыларды айтуға болатын шығар. Тағы бір жетістігім – қазақтан көп дос жидым. Бәрі адал, аңқылдақ, қонақжай, мейірбан.

– Даниил, бүгінде әскер туралы сөз болғанда сыни пікірлер көп айтылады. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

– Мен взвод командирі болдым. Қазіргім – екінші әскери бөлімім. Қарамағымызда қаншама сарбаз, ұлан бар. Бізде ешбір келеңсіз оқиға тіркелген емес. Ал әлеуметтік желілерде жарияланып қалатын кейбір видеожазбалардың ақ-қарасын нақты айыра алмай жатамыз. Өмір болған соң  түрлі адам, түрлі мінез, түрлі көзқарас бар. Әскер қатарына қабылданған бозбалаларды келген күннен бастап көзден таса етпейміз. Ата-анасының жанынан енді ғана ұзап, отбасылық комфорттан шыққан балаларды бірден әскери өмірге салып кеп жібермейміз, олар алдымен әскери ортаға бейімделу курсынан өтеді. Жалпы, ауылдан шыққан жігіттерден өрлік, қайсарлық, төзім деген қасиеттер бірден байқалып тұрады. Ал ата-анасынан тым көп шектеу көрген, сыртқа көп шықпаған немесе үйкүшік, еркелеу балалар әскери ортаға үйренісе алмай қиналыңқырап жатады. Бізде «Кураторлық жұмыс» деген бар, жүзі сынық жүрген немесе көңілі әлденеге алаңдаулы сарбазды көріп, байқап қалсақ, бірден бауырға тартып, жеке сөйлесіп, өзін мазалаған не нәрсе екенін, не ұнамай жүргенін егжей-тегжейлі сұрап, отбасы жағдайын да біліп, ашық әңгімеге тартамыз. Психологқа бағыттаймыз. Жалпы, әр сарбазды жеке-жеке бақылауда ұстаймыз. Себебі, біз олардың бас амандығына жауаптымыз. Дегенмен, әскердің аты – әскер, бұл үй емес. Тәртіп, талап бәріне ортақ. Жігіттің болмысына сабырлық, төзімділік, шыдамдылық, қайсарлық, батырлық, батылдық, биіктік тән. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», шекарамызға жау келіп қалса, бізді қорғайтын білекті, жүректі жауынгерлер! Сол үдеден шыға білсек, біздің Тәуелсіз елді ешбір жау ала алмайды.

– Әлгінде «ең жиі айтатын сөздеріңіз» дегенде, «махаббат» деп қалдыңыз, сіздей жігіттің қалыңдығы да бар шығар, қазақша сөйлесесіздер ме?

– Иә. Қалыңдығым қазақ қызы. Алдағы уақытта шаңырақ құрсақ па деген ниетіміз де бар.

– Бақытты болыңыз, Даниил!