Биіктіктегі қауіпсіздік

Биіктіктегі қауіпсіздік
evmaster.net

Жеделсатылар атына заты сай ма?

Алматыда соңғы үлгідегі құрылыс материалдарымен салынған көп қабатты тұрғын үйлер мен сәулеті сәнді биік ғимараттар көбейді. Әлбетте, олардың барлығы жеделсатысыз емес. Өркениеттің бір белгісі саналатын, қала тұрғындарына қажетті қондырғының бүгінгі жай-күйі қалай? Олардың аты затына сай ма? Бүгінгі мақаламызда осы тақырыпты сөз етеміз.

Қазақстандағы ең ірі тұрғын үй қоры Алматыда. Өткен жылғы деректерге сүйенсек, мегаполисте 8 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үй бар. Бірақ бұл көрсеткіш кейінгі уақытта өзгеретіні анық. Өйткені, қаланың орталықтарында да, шеткі аймақтарында да үздіксіз салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй көп. Қазақстан лифтшілерінің ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаевтың айтуынша, бүгінде Алматыда 12 мыңға жуық жеделсаты қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Тұрғын үй қорында 6300-ге жуық лифт бар. Олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалауға болғанымен, қызмет көрсету мерзімі 25 жылдан асып кеткен.

Лифт стандарттары қалай белгіленген? Қазақстанда адам өмірі мен денсаулығын қорғау үшін лифттерге және лифт қауіпсіздігі құралдарына қойылатын талаптарды белгілейтін Кеден одағының 011/2011 техникалық регламенті бар. Жеделсатыны пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелері де қолданылады.

Қауымдастық басшысының пікірінше, лифт саласындағы басты мәселе – ескірген жеделсатылардың көбеюі сервистік қызмет көрсететін компаниялар тарапынан тиісті қызметтің кәсіби деңгейде көрсетілмеуінен туындайды. Ал ереже бойынша, тұрғын үй кешендеріндегі жеделсатыларды жөндейтін компанияларда Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіз­дік комитеті берген лифтілерге техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды жүргізу құқығының куәлігі болуы керек. Сонымен қатар, олар  СТ-3305-2018 «Мүгедектерге арналған лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар және көтергіштер» Ұлттық стандартының талаптарын сақ­тауға, жабдықтауға, орнатуға және пайдалануға, тәулік бойы жедел қыз­мет көрсетуге міндетті.

Бүгінде елімізде лифт жабдықтарын шыға­ра­тын үш зауыт бар. Оның бірі – Алматы қала­сын­да. Екіншісі – Ақмола облысында, үшін­ші­сі – Алматы облысының Талғар қаласында орна­лас­қан. Қазақстан лифтішілері ұлт­тық қауымдастығының мәлі­ме­тінше, бір лифтінің пайдалану мерзімі – 25 жыл. Жеделсаты мінсіз жұмыс істеуі үшін тех­ни­­калық мамандар оны ай сайын жоспарлы тексеруден өткі­зіп отыруы тиіс. Қондырғыға берілген зауыттық кепілдік бір жылға жарамды. Ал егер жеткізуші немесе өндіруші кәсіпорындардың жабдықтары (ҚР СТ 3305-2018) Ұлттық стандартқа сәйкес келсе, онда олардың өнімдеріне кепілдік үш жылға беріледі. Ережеге сәйкес тұрғын үй қорында жолаушыларға арналған және жүк тасымалдайтын екі түрлі жеделсаты қолданылады. Байқасаңыз, қазіргі жаңа салынған тұрғын үй кешендерінде екі лифт орнатылуда. Ал медициналық мекемелерде науқастарды тасымалдау үшін белгілі талаптары бар арнайы медициналық лифттер қолданылады. Егер лифтіні қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, ұқыпты пайдала білсе, заманауи қондырғы сіз бен бізге ұзақ уақыт бойы қауіпсіз әрі мінсіз қызмет көрсете алады. Себебі, қазіргі шығарылып жатқан отандық жеделсатылар  шетелдік лифтілерден еш кем түспейді. Олар қауіпсіздіктің бүкіл стандарттарына сай құралдармен жабдықталған. 

Қондырғы кімнің есебінен жөнделеді?

Дерек көздеріне жүгінсек, 9 қабатты тұрғын үйдегі бір лифтіні орнатудың орташа құны (монтаждау мен жүк көтергіштігін қоса есептегенде) шамамен 14–16 миллион теңгені құрайды. Лифтінің моделін құрылыс салушы компания таңдайды, ал оны орнату жұмыстарын арнайы нұсқаулыққа және өндірушінің техникалық құжаттамасына сүйене отырып аттестациядан өткен мамандандырылған монтажшылар тобы жүргізеді. 

– Жедел­са­ты – тұрғындардың ортақ мен­ші­гі. Сондықтан оны ағымдағы жөндеу процесі тұрғындардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Ол мына тәртіп бойынша жүргізіледі. Ең алдымен, лифтіге сервистік қызмет көрсететін компания лифтідегі ақауларды көрсетіп акт толтырады, оны кейіннен МИБ немесе ПИК төрағасына жолдайды. Ал өз кезегінде төраға, егер ол істен шыққан болса, қажетті жабдықты жөндеуге кететін шығындарды есептеп, оларды сатып алуға ақша бөледі. Лифт техникалық құрылғы, сондықтан кабельдер, арнайы аяқкиім, т.с.с қажетті заттар алынады. Олардың барлығын сатып алу тұрғындардың қаражаы есебінен жүргізіледі. Кеңес заманында лифтер дейтін мамандық болған және ол сол үйде тұратын. Оның пәтерінде лифттің бұзылғанын және қай қабатта тұрып қалғанын көрсететін арнайы жабдық болған.

– Міне, дәл осы маман лифт тоқтаған жағдайда эвакуациямен айналысқан. Қазір бұл мамандық жоқ. Қазіргі таңда үлкен тұрғын үй кешендерінде лифтідегі қауіпсіздікке жауап беретін диспетчерлік қызмет бар, ал шағын тұрғын үй кешендерінде бұл жұмыспен апаттық қызмет өкілдері айналысады. Әрбір лифт кабинасында авариялық лифт қызметінің байланыстары, қызмет көрсететін компанияның атауы болуы тиіс, – дейді Ержан Игібаев.

Лифттерді жөндеумен және қызмет көрсетумен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы аттестаты, сондай-ақ ҚР СТ 3305-2018 ұлттық стандартына сәйкестігі туралы куәлігі бар мамандандырылған лифт компаниясы айналысуға тиіс. Бұл компанияларда электромеханик лифтті жөндеумен айналысады, ол жеке бұйрықпен жауапты болып бекітіледі.

 

Жеделсатыда неге мән беру керек?

Маман атап өткендей, бірінші кезекте жеделсатыны пайдалану кезінде бірінші кезекте оның паспортының болуына және онда Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының техникалық құрылғыларды орнату бойынша есепке қою белгісінің болуына назар аудару қажет. Одан кейін лифтке міндетті жыл сайынғы куәландыру туралы белгілерге мән берген жөн. – Егер лифтімен көтерілгенде немесе түсіп бара жатқанда бөгде дыбыстар естіліп, діріл немесе қозғалыс кезінде өзгеше құбылысты сезсеңіз, ақаулар орын алса, онда бұл – жеделсатының дұрыс жұмыс істемей тұрғанының белгісі деп біліңіз. Мұндай жағдайға тұрғындар еренсіз болмағаны жөн. Уақыт оздырмай қызмет көрсететін лифт компаниясына өзі немесе МИБ, ПИК төрағалары арқылы хабарласып, тексеруге өтінім жіберуі керек. Сервистік қызмет өтінішті кейінге қалдырмай, дереу келіп лифтіні тексеруі тиіс, – дейді Ержан Игібаев. Ереже бойынша қызмет көрсететін компания лифттерді айына және тоқсанына бір рет техникалық тексеруден өткізуге, сонымен қатар, жылына бір рет оның қызметінің қауіпсіз екенін куәландыруға міндетті. Ал тәртіп бұзушылық орын алса, құқық қорғау органдарына хабарласқан жөн. Қазіргі лифтлердің барлығында бейнекамералар орнатылған. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Камерадағы жазбалар ПИК немесе МИБ серверінде сақталады.

Айта кетейік, лифт жабдығының жұмыс істемеуіне, жеделсаты компаниясына қатысты күмән туындаған даулы мәселелер орын алған жағдайда Сағадат Нұрмағамбетов көшесі, 162 мекенжайы бойынша Қазақстанның ұлттық лифтшілер қауымдастығына жазбаша өтінішпен жүгінуге болады. 

 

Егер қамалып қалсаңыз...

Саспаңыз. Ең бастысы, лифтіден өз бетіңізше әрекет жасап, есіктерін сындырып шығуға тырыспаңыз. Мұндай әрекет қайғылы жағдайдың орын алуына себепші болмақ. Неге десеңіз, лифт кез келген уақытта қозғалысын жалғастырып кетуі мүмкін. Қысқасы, егер сіз лифт кабинасында тұрып қалсаңыз, диспетчерлік байланыс түймесін басыңыз. Ол жауап бермесе, онда қызмет көрсететін лифт компаниясының көрсетілген нөмірлеріне қоңырау шалыңыз. Операторға мекенжайын қатесіз, нақты айтыңыз. Содан кейін лифт компаниясының төтенше қызмет мамандарының келуін күтіңіз. Егер олардың телефоны қолжетімді болмаса немесе байланыс аясынан тыс жерде болса, 109 құтқару қызметіне қоңырау шалу керек.

 

 Керек дерек

  • Алматыда 2020 жылы 139 үйде 302 жеделсаты ауыстырылған.
  • 2021 жылы 334 лифт жөнделіпті.
  • Өткен жылы 352 лифтіні қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.
  • Мамандар алдағы 5 жылда шаһардың тұрғын үй қорындағы барлық ескірген жедел сатылар ауыстырылады деп жоспарлап отыр.

«Аlmaty-akshamу», №4 (6297) 12 қаңтар, 2023 жыл