Алматылықтар аналар мерекесін атап өтті

Алматылықтар аналар мерекесін атап өтті
Сурет: Paryz.kz

Қала күнімен қатар бүгін елімізде аналардың мерекесі де тойланып жатыр. 10 жылдан бері қыркүйектің әр үшінші жексенбісінде бұл күнді атап өту дәстүрге айналған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Соған орай, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі қазақтың бұлбұлы Роза Бағланованың ескерткішіне гүл шоғын қойды. Әлемнің жарығын сыйлаған аналар сый-құрметке лайық деп мейраммен құттықтап, ән шырқап берді. Айта кетейік, былтыр ғана құрылған бірлестікте қазір 9 мыңға жуық ана бар. Оның ең үлкені - 90 жаста. Ұйым жас отбасыларды табыстыру, аразды татуластыру, сондай-ақ ұмыт болған дәстүрді жандандырумен айналысады.

«Бір қазақ бір қазақты түйіп өтеді. Енді дәстүр келмей адам өз болмысынан айырылғанда ұлт жойылады. Қазаққа, ұлтқа керек нәрсе - діні, ділі, тілі мен дәстүрі. Осы үш нәрседен ада болған халықты оны енді қалай деп атауға болады», – деді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова.

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестіктің мақсаты – салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ана тілімізді қастерлеу, ұлттық киімдерімізді және ақ кимешегімізді насихаттап, қазіргі мынау біздің ұрпағымызды тәрбиелеп жатқан. Жас келіндер, апа-жеңгелер, қыз-келіншектерді жақсы жолға насихаттау, тәрбиелеу», – деді көпбалалы ана Ләйле Дәулет.