Берекенің бастауы

Берекенің бастауы
Сурет: Қайрат Қоныспаев

Жуырда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы қоғамдағы маңызды оқиға болғаны рас. Дәстүрге айналған  осы кеңес барысында қоғамда атқарылар ауқымды істердің бағыт-бағдары айқындалды. Мұндай басқосудың қазіргідей жаһандану кезеңінде ұлттың өзіндік келбетін сақтау қалу үшін аса маңызды іс екені белгілі. Қоғамның дамып, өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін экономикалық жетістіктер, халықтың ұлттық құндылықтары қажет. Президентіміз қоғамдағы береке-бірлікті сақтау ең негізгі міндеттердің бірі екеніне тоқталып, осы істе зиялы қауымға айрықша жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. Құрылтайда мемлекеттік тілге қатысты мәселе де басты назарда болды. Президентіміз қазақ тілінің ғылым тіліне айналып келе жатқанын әрі ол мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қалатынын нақтылады. Бұл істе креативті индустрияның маңызы ерекше. Осыған орай алдағы уақытта аталған саладағы кешенді жұмыстар жалғаса беретін болды. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады,-деді Мемлекет басшысы.

Енді елдің идеологиялық дамуында мәдени мұраны сақтау, төл тарихымыз бен көрнекті тұлғаларымызды дәріптеу ісі де басымдыққа ие болмақ. Сол себепті биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толғаны назарға алып, Алтын Орда мәртебесін лайықты дәріптеу қажеттілігі айтылды.

  «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет.

Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Ұлық Ұлыстың жерінде сан алуан этнос және дін өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Түрлі мәдениеттер өзара астасып, мемлекет құру ісінің бірегей үлгісі қалыптасты- деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 Сонымен қатар Президентіміздің тапсырмасы бойынша ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар қалыптастыру басым бағытта болмақ. Бұдан былай қоғамда лайықты ұрпақ тәрбилеуде аталған қағидалар негізгі бағыт болары анық.

Еліміздегі ең басты жетекші оқу орны болып саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Президенттің құрылтайда айтқан мәселелерін ғылыми негіздеп, ерекше қолдау танытуда. Ұлттық құндылық пен дәстүрді дамыту әсіресе Наурыз мерекесі секілді жалпыхалықтық мерекелерді атап өту секілді  басымдықтар оқу орнында кең көлемде көрініс берді. Ұлттық киім мен дәстүрдің үлгісі жастар арасында үлкен қолдау тапты. Мұндай ауқымды шара тек бір оқу орнының ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі маңызы бар оқиға екені белгілі.  Өйткені қазір әлем жылдам өзгеріп отырады. Осыған орай құндылықтар да жиі өзгеріске түсуде. Біз өз негізімізді сақтап, дамытуға міндеттіміз.