Балалар жұтып қоятын бөгде заттар да өмірге қауіпті 

Балалар жұтып қоятын бөгде заттар да өмірге қауіпті 
almaty-akshamy.kz

Кішкентай балалардың абайсызда түйме, тиын, өзге де ұсақ бұйымдарды жұтып қоятыны күнделікті тұрмыста жиі кездесетін жағдай. Абай болмасақ, адамға көмектесу және құтқару уақыты көп жағдайда секундтармен өлшенуі мүмкін.

Баланың аты – бала, айналасындағы өзіне таңсық барлық затты аузына салатын әдеті. Әлі тілі де шықпаған, не бүлдіргенін де айта алмайтын балдырғанның әлдебір затты жұтып қойғанын қалай білуге болады? Ата-ана үй жағдайында өз бетінше көмек жасай ала ма? Осы және өзге де сауалдарымызға мегаполистегі №2 қалалық Балалар клиникалық ауруханасы хирургия бөлімшесінің хирург-дәрігері Азамат Қуанышов жауап берді.
 
– Азамат Өмірзақұлы, балалар жұтып қоятын немесе мұрнына тығып алатын бөгде заттардың қатарына нелер жатады, олардың қайсысы қауіптірек? Ішкі ағзаны бүлдіруі мүмкін бе?

– Балалар көбіне тиындарды, магниттерді, үлкендеу көлемдегі ойыншықтарды, түрлі үшкір заттарды, ине, түйреуіштерді, шарларды да жұтып қойып жатады. Әртүрлі заттар баланың асқазан-ішек жолдарына, отоларингологиялық органдарға, жоғарғы тыныс жолдарына тап болады. Ал тыныс жолдарына өтіп кеткен кезде ол кез келген органға – мұрынға, көмейге, трахеяға, кеңірдекке, өкпеқап қуысының тініне барып түсуі мүмкін. Ең қиыны – көмей мен трахеяға түскен бөгде зат. Ол жағдайда баланың тыныс алуы қиындайды.  Бөгде заттардың ішіндегі ең қауіптісі – магниттер, бас жағы ашылып тұрған үшкір түйреуіштер, инелер және ойыншықтардың үлкен көлемдегі бөлшектері. Мысалы, магниттер жабысқақ болғандықтан, ішекті тесіп кетуі мүмкін. Инелер де ішекті зақымдайды. Үлкен көлемдегі ойыншықтар, тиындар  тоқ ішек пен  аш ішектің қосылған жерінде қысылып қалуы мүмкін, ондай жағдайда бізге ота жасауға тура келеді. 

– Тілі жоқ баланың бірдеңені жұтып қойғанын немесе мұрнына, құлағына тығып алғанын қалай білеміз, симптомдары қандай?

– Бөгде зат баланың өкпесіне кетіп қалған болса, бала жөтелуі, шашалуы, тұншығуы, көгере бастауы мүмкін. Ал ас қорыту жолына кетіп қалған болса, аузынан сілекей ағуы, құсуы мүмкін. 

– Жалпы, мұндай тосын оқиғаларға қай жастағы балалар жиі ұшырап жатады?Ата-ана өз бетінше үй жағдайында көмек беруіне бола ма?

– Көбіне бала еңбектей бастаған кезде, айналасындағы барлық затты ұстасам, көрсем, білсем деген қызығушылықпен көз алдында жатқан заттарды дереу аузына сала қоятыны мәлім. Демек, еңбектей бастаған шағы қауіптірек. Одан да үлкенірек балалар да оқыс жағдайға тап болып жатады. Мысалы, тиындармен ойнап жүріп, байқаусызда жұтып қойып, шашалып, өкпесіне өтіп кететін жағдайлар өте жиі кездесіп жатады біздің тәжірибемізде.

Ата-ана баламды қанша қадағалап, көзімнен таса етпей отырмын деген күнде де, баланың аты – бала, олар шалт, жылдам қимылдайды, сондықтан әлгіндей келеңсіз оқиғаларға ұрынып қалып жатады. 

Иә, ата-аналар тосын жағдайда алғашқы көмек жасауға ұмтылғаны дұрыс. Мысалы, өзіңіз орындыққа отырып, баланы тізеңізге жатқызып, басын төмен қаратып, екі жауырынының ортасынан қағасыз. Және міндетті түре «Жедел жәрдем» шақырған абзал. 

– Бөгде заттар жұтып қойған балалардың операция үстеліне жатқызылатын жағдайлары жиі кездесе ме?

– Иә, жиі кездеседі. Әсіресе үлкендеу жастағы балалардың магнит немесе үлкен көлемді ойыншықтар, оларға салынатын батарейкаларды жұтып қойған кезде ішек жолдарына өтіп кетеді де, оны алу үшін ота жасауға туралы келеді. Бала екі-үш магнит жұтып қойса, тіпті қауіпті, олар бір-бірімен жабысып, ішектердің құрылымын зақымдап, жұмысын бұзуы мүмкін және тесіп жіберуі де ықтимал. Сондай-ақ, шемішке немесе оның қабықтары, жаңғақтар өкпеге кетіп қалған кезде, жалпы наркозбен манипуляция жасалады. Ол да отаның бір түрі болып есептеледі.

Бізде биылдыққа осындай 30 шақты ота жасалды. Бір бала тіпті жеті магнит жұтып қойып, денеге түскен бөгде зат ішекті бес жерінен тесіп өткен. Қуанышқа қарай, бала аман-есен емделіп шықты.
Кейбір ата-аналар бөгде заттың абайсызда өкпеге кетіп қалғанын білмей, бронхит, аллергия, пневмония деп емдеп жататын кездер де жиі орын алып жатады. Ұзақ уақыт емделмей қойған соң, дәрігерге қаралып, одан КТ жасалып, нәтижесінде бөгде нәрсені жұтып не мұрнына тығып алғаны белгілі болып жатады. 

– Осы орайда ата-аналарға қандай кеңес айтар едіңіз? Үлкендер бірінші кезекте нені ескергені жөн?

– Ата-аналар баланың жорғалап, еңбектей бастаған сәтінен бастап міндетті түрде кішкентай көлемді өткір заттарды жоғарыға, биік жерге немесе көзге түсетін орындардан алыстау қою қажет. Баладан артық шалт қимылдайтын адам жоқ. Үлкендерге мұқият болған абзал, үйді таза ұстап, аяқ астында көлденең жатқан, баланың қолы жететін заттың болмағаны жақсы. Балаңыздың тым ұсақ заттармен ойнамауына назар аударыңыз. Полиэтиленді қалта, химиялық жуу құралдары, желім сияқты заттарды да алыс жерде ұстаңыз.