«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске қосылады

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске қосылады
Сурет: Aikyn.kz

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Президент 2023 жылдан бастап ауыл тұрғындарының медициналық көмекке сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жобаны іске асыруды тапсырды. Осы мақсатта біз «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске қосу және іске асыру үшін тиісті есептемелер жүргізіп, қажетті шараларды айқындадық. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты - барлық ауылдық елді мекендерді нормативтерге сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету есебінен қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы алшақтықты қысқарту, сондай-ақ ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсетуді арттыру», - деді ол.

Министрдің дерегінше, ұлттық жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны, оның ішінде жаңа 228 нысан және қолданыстағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектілерінің орнына 427 нысан салынады. 32 көп бейінді орталық аудандық ауруханаларды ұйымдастыру, оның ішінде қолданыстағы 12 аурухананы жетілдіру қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, босану, жарақаттар кезінде және басқа жағдайларда шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сондай-ақ ірі қалаларға бармай-ақ, телемедицина және қашықтықтан медициналық қызметтер арқылы мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын жаңа көп бейінді орталық аудандық ауруханалар ашу қамтамасыз етіледі.

«Ұлттық жобаны іске асыру ауыл тұрғындары арасында қан айналымы жүйесі ауруларының өлім-жітімін 23,6 пайызға төмендетуге, 4 миллионнан астам ауыл тұрғындарын сапалы, жедел және жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Ажар Ғиният.