Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудың жаңа тәсілдері енгізіледі

Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудың жаңа тәсілдері енгізіледі
Сурет: Egemen.kz

Осы жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ведомствоның алдына қойған міндеттерін мұқият қарап, оларды іске асыру бойынша нақты шаралар әзірледі. Мәселен, өндіріс көлемін ұлғайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімінің қосылған құнын арттыру проблемасын шешу үшін мемлекеттік ынталандыру және қолдау шаралары түзетілуде. Атап айтқанда, субсидиялау қағидаларына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өндіріс көлемін тұрақты ұлғайту және өңдеуші кәсіпорындарға шикізат жеткізу бойынша қарсы міндеттемелер алуы жөнінде міндетті норма енгізіледі. Терең өңделген өнімдер шығаратын өңдеші кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау ауқымын кеңейту көзделіп отыр», - деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, саланы субсидиялаудың жаңа ұзақ мерзімді тәсілдемелерін дайындау мәселесінде жаңа қағидалар әзірлеу аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта оны арнайы құрылған жұмыс тобы аясында талқылау жүріп жатыр. Келесі жылдан бастап аталған қағидалар бойынша жұмыс істеу үшін оларды осы жылдың соңына дейін бекітіледі.

«Жаңа субсидиялау қағидаларының негізгі тұстары қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылаудың және оларды бағалаудың пәрменді құралдарын енгізу тетіктері арқылы бөлінген субсидиялардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша болдырмау және цифрландыру есебінен субсидиялар алу рәсімін оңайлату болып саналады. Саланы техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру міндетіне келер болсақ ауыл шаруашылығына инвестициялар ағынын мемлекеттік ынталандыру, өндіріске ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелерін енгізу шараларын одан әрі күшейту көзделген», - деді ол.