Алтын дәуірдің куәсі еді...

Алтын дәуірдің куәсі еді...
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Осыдан бірнеше күн бұрын көрнекті режиссер, қазақ киносы алыптары шоғырының шоқтығы биік тұлғасы Серік Жармұхамедов өмірден озды. Қаралы хабарға орай әлеуметтік желіде көңіл білдірген қауым Серік ағаның ең басты фильмі «Өтелмеген парыз» деп аталғанымен, ол кісі суреткер ретінде туған елі, қалың көрермені алдындағы өзінің парызын толығымен өтеп кеткенін баса айтты.

Көзіқарақты жұрт айтса-айтқандай, «Өтелмеген парыз» – қазақ киносының «Алтын қорына» үлкен олжа болып қосылған ең бір айтулы, тұщымды туынды болды. Фильм қоғамды жайлай бастаған имансыздық, көргенсіздік көріністерін әшкерелей отырып, моральдық, этикалық мәселені көтерді, адамгершілік пен ар-ұжданнан аттамауға үндеді, ұлттық құндылықтардан алыстау мен әдет-ғұрыпты аяқасты етудің салдары ауыр болатынын меңзеді.     

«Өтелмеген парыздың» тағы бір кереметі – ол режиссерлердің аға буынының көптеген майталмандары дүниеден озған, ал кейінгі буын әлі қалыптасып үлгермеген өліара шақта өмірге келді. Осылайша, «Тақиялы періште», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа», «Гауһар тас» сияқты көрермен көзайымына айналған фильмдердің толассыз легінен кейін біраз уақытқа дамылдап қалған қазақ киносы қайтадан дүр сілкінді. Бұл жағынан алғанда, сол кешегі кино шеберлерінің көзін көріп, өнегесін бойына сіңірген, түсірілім алаңында  ассистент, екінші режиссер ретінде көпшілігімен қатар жүріп тер төккен Серік Жармұхамедов екі буын арасындағы алтын көпір болды десек артық айтқандық емес.  

Көпшілік ықыласынан бөлек, кино мамандарынан да жоғары баға алғанына қарамастан, «Өтелмеген парыз», алайда, ол кезде кең көлемде насихатталған да, дәріптелген де жоқ. Тек бір жолы Ташкенттегі кинофестивальде көрсетіледі. Сол жолы алыс-жақыннан келген танымал кино мамандары фильмді Қазақстанға келіп тағы бір көргісі келсе керек. Ол жөнінде Серік ағаның өзі бір әңгімесінде: «Қуанышым қойныма сыймай далақтап: «Маған зал беріңіз, ки¬номды чех, неміс, француздар көр¬гісі келеді» деп «Қазақ¬фильмге» бардым. Екі орыс әйел: «Сен кімсің? Біз сені кино түсірту үшін шақырдық, фильмді жарна¬малау, пайда табу – біздің жұмысымыз. Шетел¬діктерге көрсетемін десең, пәлен¬бай ақша төле!» –  деді. Мен сол кезде бірінші рет өзімнің құл екенімді сезіндім. Түсірген ки¬ном¬ды көрсете алмай, тауым ша¬ғылып, жігерім құм болды. Әупірімдеп жүріп қа¬ла¬ның шетінен бір кинотеатр тауып, қонақтарға «Өтелмеген парызды» көрсеттік. Немістер «Өмірден алын¬ған, өмірлік мәселені тап басқан фильм екен» деп қатты ұнатты. «Бізде өтетін бай¬қауға кел, «Гран-при болмаса да, І орын – «Өтелмеген парыздыкі!» деді. Жарнамасын, көшірмесін сұратты. Білместік, аңғалдық, тартыншақтық болды ма, өз ки-номды өзім ұсына алмай, шарасыз қалып қойдым», – деп есіне алғаны бар. 

Негізі, қанша үлкен іс бітірсе де қарапайым қалпынан танбау, еңбегін бұлдамау, өз ісіне деген ерекше жауапкершілік, асқан ыждаһаттылық – Серік ағаға тән қасиет болатын. Ол көркем фильм ғана емес, көптеген деректі фильмдер де түсірді. «Ай кешігіп туады» (Сұлтанмахмұт Торайғыров), «Үш бәйтерек» (Сәкен, Ілияс, Бейімбет), «Әдебиет жұлдызы» (Ғабит Мүсірепов), «Қыранның қанатынан қуат алған» (Мұқағали Мақатаев), «Жез киік» (Кәкімбек Салықов) картиналарында ұлт руханиятында өміршең із қалдырған тұлғалар болмысын жан-жақты ашуға талпынса, «Қара табан қанды жол», «Наурыз» фильмдерінде тарих тереңіне бойлап, орнықты ой толғайды. Ал Серік Жармұхамедовтің жоғарыда аталған, Мұқағалидың жанды бейнесі таспаланған жалғыз бейнежазбасы көрсетілген фильмі құнды тарихи материал ретінде «Алтын қорға» енгенін айта кеткен жөн. 

Күнделікті өмірде жайдары мінезді, ақжарқын ағамыз жұмысқа қатысты мәселеде өте талапшыл да еді. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап дубляжға режиссерлік етті. Ол кино түсіру жағынан «Қазақфильм» сәл тұралап, есесіне отандық телеарналар шетелдік фильмдер мен сериалдардан көз ашпай қалған кез-тұғын. Соның өзінде, көрерменге қайткенде сапалы дүние ұсынуға бар күш-жігерін салған Серік аға, дубляждалатын фильмдердің режиссурасына ғана емес, аудармасы мен дыбысталуына да қатты көңіл бөлді. Ол «Аудармада ана тілдің ақсауы – үлкен трагедия» дейтін және тәржіманың калька емес, барынша қазақы, жатық болуын қадағалайтын. Қаржыны үнемдеу мақсатында кетіп жатқан келеңсіздіктерге орай: «Қазір бір кинода 20 ер¬кектің даусын бір-ақ актер, бү¬кіл қыз-қырқынның сөзін жалғыз актриса оқиды. Кеңес уақытында фильмде 30 кейіпкер болса, дубляжда соны 30 актер дыбыстайтын. Техниканың бүгінгідей дамыған заманында, тым құрығанда, төрт немесе алты актер болса, жап-жақсы дубляж жасауға болар еді», – деп қынжылатын.  

Одан бөлек, Серік ағаның сөзге шешендігі, шежірешілдігі де керемет еді. Өнер жолындағы көзкөрген ағалары, әріптестері, әлдебір фильмдер, олардың түсірілу барысы туралы әдемі естеліктері тебірентпей қоймайтын. Бұл жағынан алғанда, ол кісі қазақ киносы алтын дәуірінің көзі тірі куәсі, жанды жылнамасы тәрізді де еді. Қадірін білдік деп айта аламыз ба?.. Енді, міне, Серік ағамен бірге бүтін бір дәуір, тұтас бір кезең келмеске кетті...    

Көрнекті тұлғаның соңғы сапары алдында берілген қонақасыда замандасы, өнерде де, өмірде де жақсы сыйласқан әріптесі Асанәлі Әшімов оның адалдық, адамгершілік, азаматтық сияқты жақсы қасиеттерін баса айтып, өмірінің жарқын сәттерін еске алды. Режиссер Қалила Омаров алдыңғы буын ағаларының ішінде Серік Жармұхамедовті ерекше құрмет тұтқанын, адами тұрғыда ол кісіден үйренгені көп екенін тілге тиек етті. Әлі де талай жылы естеліктер айтылары анық. Өкініштісі, жақсының орны толмайды. Жақсы адам еді. Жақсы ағамыз еді. Алды – пейіш, арты – кеніш болғай!..