Алматының Қайназар ауылы жарыққа жарымай отыр

Алматының Қайназар ауылы жарыққа жарымай отыр
Сурет: Акчабар

Электр бағандарын жаңарту үшін қаражат бөлінген.

Алматы облысының Қайназар ауылында электр жарығы жиі өшіп қалады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жел тұрса, ауыл тұрғындарының мазасы кетеді.

«Кеше электр жарығы 5 рет өшті. Сақалымды алып тұрған едім. Сол күйі ала алмадым. Береді, өшіреді. Боран болса бір сәрі. Өте жиі өшіреді. Өшпегеннің өзінде қуаты өте әлсіз. Үй қараңғы», - дейді Омарқажы Шақаев.

Қайназар – жарты ғасырдан астам тарихы бар Жамбыл ауданындағы ауыл. Бұрын шағын болғанымен, қазір іргесі кеңіген, 6500 адам тұрады. Қоныстанушылар көп.

«Жаңа қоныстанып жатқан жақта цемент бағаналар орнатылған. Ал мына ескі Қайназарда электр бағаналары мен сымдар 1968 жылдан бері жаңартылмаған. Тіпті электр сымдары да жиі үзіледі. Мамандар оны жалғаумен ғана келеді», - дейді ауыл тұрғыны.

Ал ауыл әкімінің уәжі мүлдем басқа. Айтуынша, электр жарығы күніне 5 рет өшпейді. Апаттық жағдай болған кезде жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізіледі.

«Электриктер ағаш кесетін кезде немесе жөндеу жұмыстарына байналысты өшіретін болса, әкімшілік тарапынан халыққа әлеуметтік желі және ауылдың ватсап чаттары арқылы хабарландыру беріліп отырады», - дейді Қайназар ауылының әкімі Нұржан Қанағатұлы.

Жергілікті биліктің айтуынша, электр бағандарын жаңарту үшін қаражат бөлінген, жобалық сметалық құжаттары дайын. 2023 жылдың басынан аталған жоба жүзеге аса бастайды.