Театршыл тұлға

Театршыл тұлға
Сурет: ашық дереккөз

Алматыны басқарғандар

Ахмет Әділов шаһарды 1956 жылдан бастап төрт жыл басқарды. Бұған дейін ірі лауазым баспалдақтарынан өтіп келген ол шын мәнінде қоғамда, өз ортасында мойындалған тұлғалардың бірі де, бірегейі еді. Ол тұста Алматыда құрылыс бастау аса мүмкін болмағанмен, бұл істе ол тәуекелге барды. Үлкен құрылыстарды бастады. Сонымен қатар, қала көшелерін тазарту, көріктендіру, жөндеу жұмыстарына Хрущевтің пәрменімен қаражат бөлінбейтін болып, бұл шаруаны қоғамдық негізде атқару керек деген шешім қабылданды. 

Тұрғындар, мектеп оқушылары да бұл іске белсене кірісті. Қалада бірыңғай бір қабатты үйлер салынып, «хрущевка» деп аталды. Соның нәтижесінде 10 мың алматылық пәтерлі болды. Орталық стадион, «Целинный» кинотеатры салынып, 11 мектеп пайдалануға берілді. Бұл ел еңсесін енді тіктей бастаған қиын кезеңде айтулы жетістік еді. Ел назарын аударған мына бір оқиғаның қала ғана емес, ұлт руханиятындағы маңызы айрықша болды.

Ол кездегі Абай ескерткішінің тұғыры өте аласа болып, жердегі кісі бойына жетеқабыл еді. Осы бір сырт көзге қораш көрінетін ескеркішті биіктету туралы Мұхтар Әуезовтің ұсынысы да Ахаңның ойынан шықпай жүретін. Ақыр соңында ол қалалық кеңестің шешімін шығарып, іске кірісті. Бұл мәселе жөнінде кезінде осы іске белсене араласқан мемлекет қайраткері Хайдар Арыстанбеков өз естелігінде жақсы айтқан. 
Бұл кісі туралы сөз бола қалса, әлі күнге де-йін көз көргендер «Әділетті Әділов» деген тіркесті қолданбай тұрмайды. Олай дейтін себебі, Ахаң елге айрықша еңбегі сіңген тұлғалардың тағдыры тартысқа түскенде тартынып қала алмады. Бұл ретте ол жоғары адамгершілік, биік парасат танытты. Мәселен, «Қаныштай асыл ер өткен...» атты мақаласында ғұлама ғалымға жасалған көпе- көрнеу қиянатты ашып жазады. 

– Тарих Жезқазғанның марганецін жеңіспен бағалады. Ал соны тапқан Қаныш Имантайұлы осы еңбегіне сай әділ бағасын алды ма? Жоқ. Жоғарыдағылардың көздері жетіп, іштері сезсе де, оған жай ғалым ретінде біржақты қарады да қойды. Ерлікпен бара-бар сол бір еңбегін ескерусіз қалдырды. Болмаса тылдағы еңбектері үшін омырауына «Алтын жұлдыз» таққандар аз ба? Ұлы жеңіс әуелі жанқиярлықпен күрескен халықтың, содан соң Жезді марганецінің көзін ашқан Қуаныш Имантайұлының арқасында келді десем, асылық болмас. Бүгін мұны мен айтпасам, ертең кім айтады? Қанышқа жасалған осы бір әділетсіздік менің көңілімде қара тасқа айналып, күні бүгінге дейін мазалаумен келеді. Көпті көрген басым бар, талайлармен қызметтес болдық, жолдас болдық. Бірақ солардың ішінен Қаныштай білімді, Қаныштай парасатты, Қаныштай қарапайым, Қаныштай ақыл-ойдың кенішін көргем жоқ. Сүйегі асыл ер еді ғой... 

Ер мінезді, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей Ахаңның осы мақаласындағы ұсыныстардың бірсыпырасы жүзеге асты. Ғұлам ғалымға өзі күні-түні басы- қасында жүріп, саяжай салып берді. Сондай-ақ, Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі кезінде Лениногорск полиметалл комбинатын басқарып тұрғанда үстінен Мәскеуге арыз түсіп, тағдыры қыл үстінде тұрғанда Димекеңе де ара түсіп, Мәскеуге дейін барып, басын даудан аршып алады. 
Әрине, қандай шаһар болсын ең алдымен басшыларды оның әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы ойландырса керек. Қаланың бұдан да басқа бітіп болмайтын өз қайнап жатқан қарбалас тіршілігі және бар. Алайда, осы тірлікпен қатар қаланың мәдениетін дамыту, рухани орта қалыптастыру да қай кезде де өзекті болды. Бүгінде Алматыны мәдениет, әдебиет, ғылымның қара шаңырағы десек, оның негізі осы Ахаңдардың тұсында қаланып, қалыптасты. Бұл ретте оның Мәдениет министрі Ильяс Омаровпен қоян-қолтық, үлкен сыйластықта жұмыс істеуінің нәтижесі зор болды. Қалтай аға Мұхамеджановтың мына әңгімесі де бұл ойымызды нығарлай түседі. 
– 1959 жылы ақпан айында академиялық драма театрда менің тұңғыш пьесам «Бөлтірік бөрік астынданың» премьерасы болды. Оған Мұқаң бастаған белгілі азаматтар келді. Солардың ішінде жұбайымен, ұзын бойлы, келбеті келіскен бір кісі келіп отырды. Спектакль біткеннен кейін бұл кісілерді директордың кабинетінде кездестірдім, – дейді Қалағаң. – Сөйтсем, әлгі жұбайымен келген Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Ахмет Әділов екен. Жеңгеміз Гүлбаһрам да бет біткеннің сұлуы болып шықты. Ол жылдары әсіресе, әдебиет, мәдениет қызметкерлері үшін баспана мәселесі қиын болатын. Бір күні Нұрғиса бастаған бір топ адам Ахаңның қабылдауына бардық. Табан астында түсімізге енбеген жайға еніп, үйлі-жайлы болып, айдарымыздан жел есіп шыға келдік. Бұрын-соңды шенеуніктер алдында мұндай көзбе-көз батыл шешімді көрмеген біздерге бұл бір ғажап көрінді. Ахаңның ел басқарып жүрген басқа басшылардан айырмашылығы – театр премьераларын, концерт залдарындағы жаңалықты қалт жібермейтіндігі. Театрлар мен концерттерге жиі баратын біздерге алдымен қолтықтасқан Ахаң мен жеңгей көрінетін. Өнерге деген құштарлық біздің ел басқарып жүрген азаматтардың басындағы сирек көрініс қой... 

Айтса айтқандай, Ахаңдардың қай-қайсысы да тегін болсын ба?! Бұл кісінің театршыл болуы да өнер адамдары үшін бақ болғаны да күні бүгінге дейін аңыздай айтылады.