Алматылық студент ҰБТ-ға арналған қосымша жасап шықты

Алматылық студент ҰБТ-ға арналған қосымша жасап шықты
Сурет: интернеттен

Студент жаңа қосымшасын UNAI деп атаған.

Алматы технологиялық университетінің 3-курс студенті Нұрдәулет Байханов жаңа қосымша құрастырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Нұрдәулет Байханов жасап шыққан қосымшаның ерекшелігі көп. Біріншіден, ҰБТ сұрақтарына дайындалуға, екіншіден, сараптама жасауға, үшіншіден, жеке және топтық сайыс өткізуге, төртіншіден, оны тегін пайдалануға болады.

80 мыңнан аса сұрақты қамтыған қосымшаны жасауға жыл жарымдай уақыт кеткен.

«ҰБТ-ға дайындалудың жүйкеге салмақ түсіретінін білемін. Сол себептен, бұл қосымша «100 мың оқушыға қалай көмектесе аламыз?» деген ізденістен туындады. Мақсатым – биыл 100 мың түлектің осы бағдарламаны пайдаланып, мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түсуіне көмектесу. Әр түлектің білімін жетілдіруіне кішкене болса да үлесімді қосқым келді», дейді Нұрдәулет Байханов.

Автордың айтуынша, UNAI қосымшасын App Store және Play market бағдарламасы арқылы жүктеу керек. Қосымшаға тіркелген соң, бастапқы беттегі «Ойнау» батырмасы арқылы бірден ҰБТ-ға дайындықты бастауға болады. Ал арнайы нұсқаулықты unai.kz Instagram немесе TikTоk парақшасынан көруге мүмкіндік бар.