Алматылық психолог жасөспірімдер арасындағы буллингті анықтау жолдарымен бөлісті

Алматылық психолог жасөспірімдер арасындағы буллингті анықтау жолдарымен бөлісті
Сурет: Ашық дереккөз

Балалардың эмоциялық жай-күйімен жұмыс істеу өте маңызды

Буллингті қалай анықтауға болады, ата-аналар не істеу керек, мәселені шешудің жолдары қандай, бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар алаңында  психология магистрі, Қазақстан психологтары қауымдастығының мүшесі, балалар психологы, мектептердегі дағдарыстық жағдайларды шешу жөніндегі маман Анастасия Стеблянко баяндады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Маманның айтуынша, буллингті жиі конфликтпен шатастырады. Бұл буллингтің дер кезінде танылмай, мәселенің одан сайын ұшығуына әкеп соғуы мүмкін.

«Буллинг пен конфликттің айырмашылығы неде? Әдетте бірінші жағдайда екі тарап тең болмайды – әлсіз тарап және күштісі болады. Әдетте, күші басым тарапта бір адам, бірнеше адам болуы да сирек емес. Яғни, ең бірінші айырма – күштер теңсіздігі. Екіншіден, буллингтің нақты басталу және аяқталу мерзімі болмайды. Буллинг эпизодтары әртүрлі уақыт аралығында қайталанып тұрады. Бұл жайтты ересек адам немесе жасөспірімдер уақытында буллинг екенін танып, есте сақтауы тиіс. Буллинг - зорлық-зомбылықтың түрі және ол психологиялық не физикалық сипатқа ие», - деді А. Стеблянко.

Психологтың айтуынша, буллингтің себебі көбінесе ішкі, отбасылық мәселелермен байланысты. Ал агрессия әрдайым буллинг себебі бола бермейді.

«Егер бала, отбасы не мектеп болсын, жақсы әрі қолайлы ортада болса, онда бұл баланың буллингпен айналысуға немесе басқаларды қорлау арқылы өзін қорғауға ниеті болмайды», - дейді ол.