Алматылық полицейлер арасында эстафета өтті

Алматылық полицейлер арасында эстафета өтті
Сурет: Polisia.kz

Спорттық шара Қазақстан полициясы күніне орай ұйымдастырылды.

Спорттық шара Қазақстан полициясы күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Салауатты өмір салтын, қолданбалы спорт түрлерін кеңінен насихаттау, полиция қызметкерлері арасында дене шынықтыру жұмыстарын жандандыру мақсатында өткен эстафетаға ПД-ның 12-ге жуық қызметі мен бөлімшелерінен 130-дан астам тәртіп сақшысы қатысты.

«Кәсіби мереке қарсаңында полиция эстафетасын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл жолы адам аз, көліктер аз жүретін қаланың индустриалды аймағының аумағында өтті. 12 команда патрульдік жүгіру, газ тұмылдырығын киіп жүгіру, зембілмен және автоматпен жүгіру сияқты 8 кезең бойынша сынға түсті. Мұның бәрі, ең алдымен, тұрғындарымыздың полицияның әрдайым қырағы, спорттық және физикалық тұрғыдан дамығанын көріп, білуі үшін жасалды. Тиісінше, қалалықтар полицияға әрқашан арқа сүйеп, көмектің дер кезінде келетінін білетін болады. Дене шынықтыру және спортпен айналысу, жарыстарға қатысу полиция қызметкерлеріне жедел-қызметтік міндеттерді табысты орындауға ықпал ететін жаңа дағдыларды меңгеруге көмектеседі», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Өтебаев.

Салауатты өмір салты – қалалық полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі. Дені сау, сыртқы келбеті келіскен полиция қызметкерлері “Спорт – денсаулық кепілі” деген ақиқатқа сүйене отырып, кәсіби және шеберлікпен қылмысты ашып, алдын алумен қатар, физикалық тұрғыдан да дамып келеді. Бүгінгі таңда Алматы полициясының жеке құрамының арасында кәсіби спортшылар жеткілікті. Олардың арасында спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де бар. Тергеушілер, патрульдік қызметкерлер, учаскелік полиция қызметкерлері және ПД-ның басқа да бөлімшелері өкілдерінің спорттық жетістіктері халықаралық деңгейде көзге түсіп, оң бағасын алды. Жарыс қорытындысы бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасының құрама командасы жеңімпаз деп танылды. Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері әріптестерінен бірнеше секундта ғана қалып қойды. Үшінші жүлделі орынды Бостандық аудандық полиция басқармасының командасы иеленді.