Министр қант импортын азайтуға қатысты пікір білдірді

Министр қант импортын азайтуға қатысты пікір білдірді
Сурет: ашық дереккөз

Отандық шикізаттан қант өндіру көлемі өсіп, ақ қант импортының үлесі 58 пайыздан 17 пайызға дейін азаяды. Бұл туралы Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Қант қызылшасының орташа жалпы өнімі 5 жыл ішінде (2017-2021 ж.) 450 мың тоннаны құрады, орташа өнімділігі 300 ц/га болды. Басқа өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекеттерде өнімділік 440-480 ц/га құрап отыр. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейде – 437 ц/га, Беларусьте – 485 ц/га, Украинада-445 ц/га. Яғни еліміздегі өнімділік деңгейі төмендеу», - деді Е.Қарашөкеев.

Оның айтуынша, қант қызылшасы егістіктерін ұлғайтуға бұл саладағы жоғары шығындар мен өндірістің төмен рентабельдігі, сондай-ақ сумен қамтамасыз ету қиындықтары кедергі болып тұр, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейтуді, жаңа суармалы жерлерді енгізуді, су үнемдейтін технологияларын іске қосуды, тұқым шаруашылығын дамытуды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды қамтитын 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, бекітілді. Орта мерзімді перспективада жергілікті қызылшадан қанттың ішкі қажет көлемін 43 пайызға қамтамасыз ету үшін егіс алаңы оңтүстік өңірлерде ұлғаяды. Отандық шикізаттан қант өндіру 250 мың тоннаға дейін өседі, сондай-ақ ақ қант импортының үлесі 58 пайыздан 17 пайызға дейін төмендетіледі», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, фермерлерді қолдау және олар үшін қантты өндірудің тиімділігін арттыру мақсатында биыл қант қызылшасын сатып алу бағасы, сондай-ақ субсидия мөлшері артты. Мәселен, қант зауыттары тоннасына 15 мың теңге, ал мемлекет 25 мың теңге субсидия төлейді. Бұдан басқа, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі жұмыс аясында қызылша жинайтын комбайндар мен басқа да техниканы сатып алуға өтемақы нормативін 50 пайызға дейін арттыру мәселесі пысықталып жатыр.