Алматылық нейрохирургтер нәрестенің жұлынына ота жасады

Алматылық нейрохирургтер нәрестенің жұлынына ота жасады
almaty-akshamy.kz

Алматылық нейрохирургтер іштей көптеген кемістіктермен туған нәрестеге ота жасады

Іштей өкпесі қабынып, омыртқа, жұлын ақауларымен туған қыз бала Талдықорғандағы Облыстық балалар ауруханасынан санитарлық авиация арқылы жеткізілген. Алматыдағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының кезекші дәрігерлері нәрестені қарап шыққаннан кейін бірден жан сақтау бөліміне ауыстырды. Компьютерлік томография нәтижесінде оның іштей омыртқа кемістігімен туылып, жұлынында үлкен жарық бары анықталды.

Аурухана баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, айы-күні жетіп туған баланың дүниеге келгеніне 4-ақ күн болған. Анасының айтуынша, нәресте бел омыртқасы мен сегізкөз тұсындағы ісік тәріздес өскін салдарынан қатты мазасызданады екен.

«Нәресте аса ауыр халде болды. Себебі іштен бел омыртқа мен сегізкөз тұсында ми-жұлын жарығымен туған. Оның үстіне,  аяқтарының қозғалысы шектелген (төменгі парапарез); аяқ-қолында қан айналымы бұзылып, бұлшық еттері семе бастаған; жамбас қуысындағы бұзылыс салдарынан дәреті тұрмайды; басының көлемі кішкентай болып туылатын немесе туғаннан кейін өспей қалатын   микроцефалия ауруы; екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозы жағдайды қиындата түсті. Сегізкөз тұсындағы жарық омыртқа жолын жауып тастаған», - дейді №2 БҚКА директоры Марат Рабандияров.

Жетекші балалар нейрохирургтері М.Рабандияров, А.Жарасов, А.Жайлғанов, Д.Сәбденалиев, Р.Танцарова, К.Жанайдаров, Г.Сүлейманова мен анестезиолог Ж.Шолаховтың қатысуымен консилиум өтті.

Нейрохирургия бөлімшесі меңгерушісі Данияр Сәбденалиевтің айтуынша, баланың жағдайын, жұлындағы жарықтың жарылып, ағзаға инфекция таралу қаупін ескере отырып ота жасау туралы шешім қабылданды. Операциялық микроскоптың көмегімен жұлындағы жарық алып тасталды, төңірегіндегі тіндермен пластика жасалды.

Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін жасалды. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санатқа жатады.

«Жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Жұлындағы сұйықтықтың жарадан сыртқа ағып кету қаупі сейілді, қазір жара орны жазылып келеді. Аяқтардың қозғалысы сақталып қалды, яғни теріс динамика жоқ. Пневмония ауруынан да жазылып келеді. Тағы бір қуантатыны, миына компьютерлік томография жасалды, гидроцефалия белгілері байқалмайды. Әдетте, мұндай ота жасалған балалардың миына сұйықтық жиналады. Жалпы, алдағы уақытта бақылауда ұстау керек. Қазір жасанды тыныстау аппаратынан алынды, бала өзінше тыныс алады. Алдағы уақытта тұрғылықты жеріндегі Облыстық балалар ауруханасына ауыстыру жоспарланып отыр», - деді нейрохирург.

Сәбидің анасы кішкентай пациентке күрделі ота жасап, өмірін сақтап қалған №2 БҚКА дәрігерлеріне алғысын жаудырды.