Алматылық дәрігерлер жаңа туған нәрестеге ота жасап, ісік алды

Алматылық дәрігерлер жаңа туған нәрестеге ота жасап, ісік алды
Сурет: Inform.kz

Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері денсаулығында туабітті кінәраты бар нәрестеге ота жасады.

Сәбиде құрсақта жатқанда құйымшақ негізінде ісік пайда болған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қалалық денсауық сақтау басқамасы мәлім еткендей, патологияның бұл түрі қатерсіз, бірақ сәби өмірінің алғашқы айларында қатерлі ісікке айналу қаупі болды.

Нәрестенің дүниеге келгеніне небәрі 12 күн, ол туғаннан кейін екінші күні перзентханадан ауруханаға жеткізілді.

«Бала құйымшақ негізінде орналасқан сегізкөз-құйымшақ тератомасымен дүниеге келді. Бұл неонатальды кезеңдегі балаларда жиі кездесетін ісік. Ісіктің өлшемі 10 х 8 см, аралас пішінді. Туғаннан кейінгі үшінші күні нәрестеге ота жасалды, ісік толығымен жойылды, баланың жағдайы қанағаттанарлық, ол үйге шығуға дайындалып жатыр»,- дейді іріңді-кеуде хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.

Дәрігердің сөзінше, Орталықта айына 100-ге жуық жаңа туған нәрестеге ота жасайды.

«Әрбір ата-ана мұндай аурудың себебін білгісі келеді, туа біткен кемістікке ішкі және сыртқы факторлар, экология, климат, тұқым қуалаушылық, жұқпалы аурудың барлық түрі әсер етеді. Даму кемістігінің айқын себептерінің бірі жүкті кезінде әйел вирустық инфекциямен аурған», - дейді дәрігер.