Алматыда 16 мыңнан астам онкологиялық науқас емделді

Алматыда 16 мыңнан астам онкологиялық науқас емделді
almaty-akshamy.kz

9 айдың қорытындысы бойынша Алматы онкологиялық орталығы 16409 науқасқа мамандандырылған онкологиялық көмек көрсетті, деп хабарлады АОО директоры Нұрсұлтан Избагамбетов.
 
Арнайы инфузомат пен ыңғайлы кресло орнатылған АОО күндізгі стационарында жыл басынан бері 10 263 науқас химиотерапия курсынан өткен.
800-ге жуық пациент сәулелік ем алды, олар жоғары энергиялық желілік үдеткіште жоғары технологиялық сәулелік терапияның 13 мыңнан астам сеансынан өтті.
 
2 мыңнан астам операция жасалды. Алматы онкологиялық орталығында қазіргі таңда лапароскопия көмегімен оңалту уақытын қысқартып, операциядан кейін асқынуды болдырмайтын бірегей заманауи операциялар жасалады.

«Бізде үлкен хирургия бөлімшесі бар, онда гинекологиялық, маммологиялық, кеуде қуысына, абдоминальді және несеп-жыныс мүшелеріне түрлі операция жасалады. Бәріне жоғары технологиялық көмек көрсетіледі. Бұрын мұндай шағын инвазивті технологиялық көмек алу үшін шетелге бару керек болатын. Оталардың жартысы шағын инвазивті әдіспен жасалады. Орталықтың құрал-жабдығы жеткілікті, қажетті материалдар толық көлемде бар. Шетелге барып ота жасатудың қажеті жоқ», - дейді Алматы онкологиялық орталығы хирургиялық қызметінің басшысы Нұрлан Балтаев.

Қазіргі кезде Алматыда 31196 онкологиялық науқас тіркелген.

Алматыда қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау үрдісі артып келе жатқаны қуантпай қоймайды. Бұған қала емханаларында жүргізілген скринингтің арқасында қол жеткізілді. 
 
Онкологтар скринингтік тексеруден өтудің маңыздылығын еске салады. Скрининг ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі әрі аман қалу  мүмкіндігі жоғары болады - 90%.

«Елімізде скринингтер тегін жүргізіледі, профилактикалық тексеруге уақтылы бару керек. Өкінішке қарай, тұрғындар көбіне скринингке мән бермей, елей қоймайды. Қатерлі ісік неғұрлым ерте анықталса, сауығып кету ықтималдығы соғұрлым жоғары болады», - деп түсіндіреді Н.Избагамбетов.