Бүгін Қазақстанда 730 ауыл әкімі сайланады

Бүгін Қазақстанда 730 ауыл әкімі сайланады
Сурет: 24.kz

Бұл сайлау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес өткізіледі.

Бүгін елімізде 730 елді мекеннің әкімі сондағы тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы анықталмақ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Мұндай әкімдер сайлауы тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет өткелі отыр.

 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тапсырма берілген болатын.

 Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша, осы 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Солардың 2297-і тіркеуден өткен. Кандидаттардың басым бөлігі – өзін-өзі ұсынушылар. Сайлау туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің арқасында ауыл әкімдерінің сайлауына түскісі келетін үміткерге өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі берілген болатын. Осы мүмкіндікті бұл жолғы сайлауда 1419 адам пайдаланып отыр, -деп жазды Қазақпарат.

 Сондай-ақ, 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған. Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болғысы келетіндердің гендерлік құрамына келсек, ер үміткерлердің саны –1839. Солармен бірге 458 әйел үміткер де бағын сынағалы отыр. Өз үміткерлерін ұсынған партиялардың атынан қатысатын байқаушылардан бөлек, «Партиялық емес бақылаушылар орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі де дауыс беру процесінің әділ өтуін қадағаламақшы.

 «Сайлау үрдісінің барлық ерекшеліктерін ескеретін байқаушының блокнотын әзірлеп, байқаушылардың бәріне тапсырдық. Сайлау күні заңбұзушылық анықталса, сол блокнотқа тіркеп отырады. Байқаушылардың бәріне сайлау учаскелеріне кіруге қажет құжаттар берілді. Дайындық 100 пайыз деп айтуға болады. Біздің басқа байқаушылардан ерекшелігіміз – қатаң бейтараптық танытамыз. Ешқандай партия өкілдеріне де, мемлекет билігіне де, қандай да бір сайлау учаскесінің комиссия мүшелеріне де - бәріне қатаң түрде бейтарап ұстанымда боламыз. Заңнамалық тұрғыда сайлау үдерісіне кедергі жасамай, байқау жүргіземіз», - дейді бірлестіктің төрағасы Төлеген Күнәділов.

 Бүгінгі сайлау 14 облыс бойынша 1847 сайлау учаскесінде өтеді. 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде бүгінгі күннің қорытындысы шығарылуы керек. Жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

 Жалпы, биыл жыл аяғына дейін 775 ауыл әкімі сайланады. Елімізде барлығы 2346-ға жуық ауыл әкімі бар. Осыны ескерсек, 2022 жылдың басында ауыл әкімдерінің құрамы үштен бірге жаңарады деген сөз.

 Өңірлердің ауқымын есепке алмастан саралайтын болсақ, бұл жолғы сайлауда әкімін анықтайтын елді мекендер саны бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр. Мұнда бір күнде 95 ауыл мен ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қала мен кенттің әкімі сайланады.

 Алғашқы үштікті Шығыс Қазақстан (77) және Қарағанды облыстары (75) түйіндеп тұр. Ал Маңғыстау облысында бұл жолы бар-жоғы 10, Атырау облысында 18 елді мекеннің әкімі тікелей сайлау арқылы қызметке келмек.