Алматылық дәрігерлер тағы бір науқасты ажалдан аман алып қалды

Алматылық дәрігерлер тағы бір науқасты ажалдан аман алып қалды
almaty-akshamy.kz

Мегаполистегі №7 қалалық аурухананың хирург-дәрігерлері тромбоцитопениясы (қан ұюының бұзылуы) бар пациентке аса күрделі отаны сәтті жасап шықты. Дәлірек айтсақ, қан кетудің жоғарылауымен сипатталатын аутоиммунды кеселі бар («Верлгоф ауруы») 33 жастағы науқасқа жасалған ауыр операция сәтімен аяқталды. Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.

№7 ҚКА гематология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлжан Сабырбаеваның айтуынша, идиопатиялық тромбоцитопеникалық пурпура – қайталап соғатын аурудың ауыр түрі. Ауру тері астындағы қан құйылу, мұрын және қызылиектен қан кету түрінде жиі қайталанып тұратын кесел. Бұл дерт адамды жұмысқа қабілетсіз етіп, тіпті  өлімге әкелуі мүмкін.

«Ауру қандағы тромбоциттердің (тромбоцитопения) санының төмендігімен сипатталады (тромбоцитопения), бұл өздігінен қан кетуді тудырады.     Консервативті терапия оң нәтиже берген жоқ. Мұндай жағдайларда аурудың резистентті түрі туралы айтады», – деп түсіндірді жағдайды гематолог-дәрігер Г.Сабырбаева.

Консервативті терапияға төзімділікті ескере отырып, науқасқа спленэктомия, яғни көкбауырды алып тастау ұсынылды. Операцияға дайындықтан кейін пациент радикалды хирургиялық операцияға алынды.   

«Операциялық емдеудің күрделілігі сонда, кез-келген сәтте көп мөлшерде қан кету қаупі жоғары болды, ал ол мидың гипоксиясына және өлімге алып келуі мүмкін. Ота сәтті өтті, бәрі жоспарлағанымыздай болды. Операциядан кейін тромбоциттердің деңгейі қалпына келді, науқастың көңіл-күйі мен жалпы жағдайы қанағаттанарлық», – деді №2 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Мұса Сахипов.

Дәрігерлер ішке қан кету қаупі жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін пациентті 5 тәулікке гематологтың амбулаториялық бақылауына шығарды.

Дәрігерлердің жоғары кәсіби шеберлігінің және олардың аса зор күш-жігерінің арқасында тағы бір адам ажал аузынан құтқарылды.