Алматылық дәрігерлер ардагерлердің денсаулығын тексерді

Алматылық дәрігерлер ардагерлердің денсаулығын тексерді
сурет: ашық дереккөз

Қарияларға азық-түлік қоржыны мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Бүгін №16 қалалық емхананың бас дәрігері Ұлықбек Медеубеков, сондай-ақ емхана қызметкерлері Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында ардагерлердің үйіне барып консультация жүргізді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Іс-шара барысында емхана басшысы ардагерлердің денсаулық жағдайын сұрап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, олардың өскелең ұрпаққа жарқын үлгі екенін айтып, азық-түлік қоржындары мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Өз кезегінде емделушілер медицина қызметкерлерінің көңіл бөлгені, қамқорлығы үшін шын жүректен ризашылығын білдірді. Мұндай жұмыс барлық жерде жүргізіліп жатыр.

Құрамында кардиолог, эндокринолог, хирург, офтальмолог, ЛОР дәрігері, маммолог және психолог сияқты жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен мамандандырылған қызметкерлер бар қалалық емханалардың көпсалалы бригадасы осы санаттағы ардагерлерге медициналық тексеру жүргізіп жатыр.

Үй-үйді аралау негізінде медициналық тексеру және кеңес беру, науқастарды кәсіби құрал-жабдық арқылы толық тексеру жүргізіледі. УЗИ, рентген, кардиография жасалады, емдеуге қажетті барлық дәрі-дәрмек беріледі, қан анализі алынады.

Айта кетелік, Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша өткен жылдан бері Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне келесі бағыттар бойынша тегін медициналық көмек көрсетіліп келеді:

- жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен нақты мамандардың кеңейтілген тексеруі. Жалпы клиникалық тексерулер жинағы.

- көрсеткіштерге сәйкес тексеру, соның ішінде ЭКГ, УДЗ, КТ және МРТ. Ауруханада қалпына келтіру, сондай-ақ санаториялық-курорттық емдеу.

2023 жылдың басынан бері 4 ай ішінде медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті медициналық сақтандыру аясында 3243 Ұлы Отан соғысына қатысушы және оларға теңестірілген тұлға кеңейтілген медициналық тексеруден өтті. Жыл соңына дейін осы санаттағы алматылықтардың 100 пайызы кеңейтілген медициналық тексеруден өтеді.

Тасымалдауға келмейтін науқастардың барлығын ай сайын учаскелік дәрігерлер не медбикелер тексереді. Дәріні үйге тегін жеткізу ұйымдастырылған. Жыл соңына дейін тасымалдауға жарамсыз 3900-ден астам науқас үй жағдайында толық медициналық тексеруден өтеді.