Алматыда Жеңіс күнінің құрметіне орай қандай іс-шаралар өтеді?

Алматыда Жеңіс күнінің құрметіне орай қандай іс-шаралар өтеді?
сурет: tengrinews.kz

Негізгі іс-шаралар 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтеді.

Алматы әкімдігі 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай мегаполисте өтетін іс-шаралар тізімін жариялады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда Жеңіс күнінің 78 жылдығын мерекелеу 9 мамыр, сағат 09:30-да 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің қатысуымен Даңқ мемориалының жанында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімімен басталады.

Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт сағат 11:00-де 28гвардияшы-панфиловшылар саябағының алаңында өтеді.

Жеңіс күнін мерекелеу Ш. Уәлиханов атындағы сквер мен Жібек жолы-Панфилов көшелерінде сағат 11.00-де басталады. Концерттер «Алматы әуендері» әртістерінің, Абай атындағы ұлттық опера және балет театры солистерінің, музыкалық топтардың қатысуымен өтеді.

Қала әкімдігі 50 мың «Жеңіс лентасын» таратады. Оларды 28 панфиловшылар- гвардияшылар, Орталық мәдениет және демалыс саябақтарында, мерекелік іс-шаралар өтетін басқа жерлерде алуға болады.

Мектептер мен колледждерде әскери қызметшілерді, ардагерлерді, азаматтарды шақыра отырып, тақырыптық «Ерлік сабақтары», сондай-ақ балаларды түрлі қорғаныс саласы бойынша қарулардың түрлерімен таныстыру сабақтары өтеді.

Алматы қаласы әкімінің, оның орынбасарлары мен аудан әкімдерінің қатысуымен «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясы аясында үйлеріне барып қызмет көрсетілетін және медициналық-әлеуметтік мекемелердегі Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларын, мүгедектерін және тыл еңбеккерлерін құттықтау жоспарланған.

Сондай-ақ, Жеңіс күніне арналған салтанатты шаралар қаланың барлық ауданында өтеді.

Алатау ауданы:

Ардагерлер мен жастардың қатысуымен «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне гүл шоқтарын қою 7 мамыр күні таңғы сағат 10:00-де Жанқожа батыр көшесі, 26 мекенжайдағы аудан әкімдігі ғимаратының алдында өтеді. Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара 7 мамырда сағат 11:00-де Атлеттер ауылында өтеді.

Алмалы ауданы:

Концерттік бағдарлама 9 мамырда сағат 11:00-де Ә. Молдағұлова мен М. Мәметова атындағы скверде өтеді.

Әуезов ауданы:

Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт 9 мамырда сағат 11:00-де Family Park демалыс саябағында өтеді.

Жетісу ауданы:

Мерекелік концерт 9 мамырда сағат 11:00-де «Гүлдер» саябағында өтеді.

Наурызбай ауданы:

8 мамыр күні сағат 09:00-де «Мәңгілік алау» ескерткішінің жанында, Тау самалы шағынаудандағы Жандосов көшесі, 2-де аудан әкімінің, Екінші дүниежүзілік соғыс және Ауған соғысы ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, Желтоқсан оқиғасы күрескерлерінің қатысуымен гүл шоқтары қойылады. Сағат 11:00-ден 14: 00-ге дейін төрт ардагер өз үйлерінде ауданның атынан құттықталады, сондай-ақ олар үшін үрмелі аспаптар оркестрімен бірге әскери шеру ұйымдастырылады.

Жеңіс күніне арналған «Ерлік ізі өшпейді» мерекелік концерті 9 мамыр күні сағат 11:00 - де аудан әкімдігі ғимаратының алдында өтеді (Шұғыла шағын ауданы, 347).

Түрксіб ауданы:

Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара 9 мамырда сағат 11:00-де С. Сейфуллин атындағы саябақта өтеді.