Алматыда үлкен өрт ошағы өшірілді

Алматыда үлкен өрт ошағы өшірілді
Inform.kz

Алматыда «Нұрлы тау» шағынауданында орналасқан жұмыс істемей тұрған монша кешені өртенді. Отқа оранған монша кешенінің видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндірушілер 2 қыркүйек күні сағат 23:13-те жоғары дабыл белгісімен Бостандық ауданы «Нұрлы тау» шағынауданы, Нұртазин, 1 мекенжайына шыққанын хабарлады.

Оқиға орнына жеткенде монша кешенінің 600 шаршы метр аумақта салынып жатқан екі қабатты ғимаратынан от шыққаны анықталды. Өртенген ғимарат құлай бастаған.

Өрттің тез таралуына ғимараттың ағаштан жасалғаны себеп болды. Сондай-ақ өрттің екі тұрғын үйге таралу қаупі туды.

«Оқиға орнында штаб пен сөндірілетін екі учаске құрылды. Өрт сөндіру және көршілес үйлерді өрттен қорғау үшін оқпандар енгізілді. Өрт сөндірушілер қауіпсіздік ережесіне сәйкес жұмыс істеді. РЭС-5 электриктері нысанды тоқтан ажыратты. Өрт болған жер «суы аз» аумақ болған соң тілсіз жаумен күрес қиынға соқты. Алайда су үздіксіз берілді. Сонымен қатар, «Алматы Су» мекемесінің техникасы жұмылдырылды», - деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД.

Жалынды ауыздықтауға 66 адам, 22 техника жұмылдырылды.

Өрт сағат 00:27-де оқшауланып, 01:20-да сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар болған жоқ.

Монша кешенінің айтарлықтай бөлігі өрттен аман қалды.

Полиция қызметкерлері өрт болған жерді қоршауға алып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті.