Қаламгердің ғасырлық мерейтойы тойланды

Қаламгердің ғасырлық мерейтойы тойланды
Сурет ашық дерек көзінен алынды

Кемел Тоқаевтың шығармашылығына арналған республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Биыл көрнекті жазушы, ұлт қайраткері Кемел Тоқаевқа – 100 жыл. Қаламгердің ғасырлық мерейтойына орай Жетісу облысында ұлттық ойын түрлерінен халықаралық жарыс ұйымдастырылды.

Салтанатты жиында өңір басшысы Бейбіт Исабаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Сондай-ақ Кемел Тоқаевтың шығармашылығына арналған республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. 

«Кемел қаламгер» атты рухани сайысқа еліміздің әр аймағынан 300-ден астам оқушы мен ұстаз қатысқан. Олар эссе, роман, проза жанрлары бойынша тырнақалды туындыларын ұсынды.

"Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры осы конкурсты жыл сайын өткізбек. Яғни біздің кішкене тұралап қалған детектив жанрымыз енді өркендей бастайды деп есептеймін. Жақсы талантты дүниелер келеді. Жас жазушылар болады", - деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

Мерей той аясында қазақ күресінен Әлем кубогы сарапқа салынды. Халықаралық додада 22 мемлекеттен 200-ден астам балуан белдесті. Сондай-ақ спортшылар тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату және қошқар көтеруден де бақ сынасты. Ал шабондоздар құнан, топ бәйге және аламанда сәйгүліктерінің бабын байқап көрді. Жарысқа 230-ға жуық тұлпар қатысты.