Алматыда «Қазақ балалар әдебиетінің тарихы» атты екі томдық монографияның таныстырылымы өтті

Алматыда «Қазақ балалар әдебиетінің тарихы» атты екі томдық монографияның таныстырылымы өтті
Сурет: Ашық дереккөз

Ғалымға Президенттің алғыс хаты табысталды

Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханасында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолдауымен жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыштың «Қазақ балалар әдебиетінің тарихы» атты екі томдық монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Шараны М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы жүргізді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, жазушы Отарбаев Мәлік Нұржанұлы  арнайы келіп, қазақ әдебиетінің және қазақ балалар әдебиетінің дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін жазушы Нұрдәулет Ақышқа Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Алғыс хатын табыстады.

Шарада Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Нұржан Қуантайұлы, филология ғылымдарының докторы, әдебиет сыншысы Бекен Ыбырайым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, филология ғылымдарының докторы, жазушы, драматург Серік Асылбекұлы, жазушы Қуандық Түменбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреты, жазушы Әділғазы Қайырбеков, журналист Бейсенбай Сүлейменов және т.б. зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар сөз сөйледі.

Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының аға  оқытушысы Балтабаева Гаухар Саядилқызы сөз сөйлеп, ҚазҰҚПУ ректорының Алғыс хатын табыстады және ҚазҰҚПУ филология факультетінің 1 курс студенті Айман Сманқұл арнау оқыды.