Алматыда қаланың даму жоспарының негізгі басымдықтары және орта мерзімді перспективалары жобасы талқылауға ұсынылды

Алматыда қаланың даму жоспарының негізгі басымдықтары және орта мерзімді перспективалары жобасы талқылауға ұсынылды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Құжат жобасы «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ сайтында жарияланған.

 Алматы қаласының әкімдігі мен «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» атты жобаны жалпы талқылауға ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

 «Құрметті алматылықтар!

Сіздердің талқылауларыңызға «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» жобасын талқылауға ұсынамын.

 Біз қаланың болашақ дамуын әр түрлі саладағы белсенділермен және сарапшылармен талқыладық, тұрғындарымыздың мыңдаған өтініштеріне талдау жасадық, қала өмірінің барлық салаларының жағдайын зерттедік.

 Бұл – Алматыны жақсы білетін және жақсы көретін, оның өзгеруін, одан әрі дамуын және сапалы өсуін қалайтын 40-тан астам тәуелсіз сарапшылар жұмыс жасаған біздің ұсыныстарымыз.

 Біз алматылықтар үшін нақты және сезілетін нәтижелер белгіленген Алматы қаласын дамыту жоспарының негізгі басымдықтарын сіздерге ұсынуға тырыстық. Біздің басты мақсатымыз – мегаполистің барлық тұрғындарының өмір сүру деңгейін сапалы арттыру. Бүгін Сіздерге ағымдағы ахуал мен алдағы сын-тегеуріндердің шынайылығын ескере отырып, Алматының 2030 жылға дейінгі даму жолдары мен перспективалары нақтылы ұсынылды.

 Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі Даму жоспарын және оның орта мерзімді перспективаларын әзірлеу кезінде қарастырылатын және ескерілетін түсініктемелеріңіз бен идеяларыңызды алу үшін осы ұсыныстарды 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін Сіздердің талқылауларыңызға ұсынамыз», -деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Ол үшін мегаполис басшысы қала тұрғындарынан almatydc.kz сайтында өз пікірлері мен идеяларын бөлісуді сұрайды.

Өз пікіріңізбен бөлісіңіз және 1 шілдеге дейін кері байланыс қалдыра аласыз, сілтеме осында.

 Құжат жобасы «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ сайтында жарияланған. Құжатта қордаланған мәселелерді, халықаралық тәжірибені, әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін, Алматының тарихи рөлін, оның мәртебесін, экономикалық әлеуетін және ағымдағы ахуалды ескере отырып анықталған қаланы дамытудың қысқа және орта мерзімді басымдықтары көрсетілген. Құжаттың мазмұны Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары мен оның 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары, Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары және Алматы агломерациясын 2030 жылға дейін дамытудың Кешенді жоспары сынды жобаларды одан әрі пысықтау мен қабылдау үшін негізге алынбақ.

 Жоба 7 бөлімнен тұрады – «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Смарт сити», «Қауіпсіз қала».

 Құжатта көрініс тапқан бастамаларды іске асыру қаланың үйлесімді кешенді дамуына қолжеткізуге мүмкіндік береді, оның басты мақсаты жайлы, инклюзивті және қауіпсіз қалалық орта құру болып табылады.

 Құжатты әзірлеуге түрлі қызмет салаларынан 40-тан астам тәуелсіз сарапшылар, оның ішінде экономистер, урбанистер, экологтар, қаланы жоспарлаушылар, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер және басқалар қатысты.

 Жобаны қоғамдық талқылауға қаланың әрбір тұрғыны қатыса алады, 7 бөлімнің әрқайсысы бойынша пікір білдіріп, ой бөлісуге болады. Жиналған деректер «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму жоспарын және оның орта мерзімді перспективаларын» талқылау және пысықтау кезінде кешенді түрде өңделіп, пайдаланылатын болады.

Сондай-ақ, сайтта құжатқа сілтемені әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде бөлісу мүмкіндігі қарастырылған.

Құжат 1 шілдеге дейін жалпы талқылауда болады.