Алматыда Гүлмарал Тәтібаеваның «Сағыныш» атты жеке көрмесі ашылды

Алматыда Гүлмарал Тәтібаеваның «Сағыныш» атты жеке көрмесі ашылды
сурет: Аlmaty-akshamy.kz

Көрме әйел бейнесіне және қазақ халқының ерлікке толы өткен тарихына арналған.

Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Гүлмарал Тәтібаеваның «Сағыныш» атты жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Көрме әйел бейнесіне және қазақ халқының ерлікке толы өткен тарихына арналған. Автор бұл тақырыптарды жан-жақты, көп қырлы мағынада қарастырады. Экспозицияда елуден астам туынды ұсынылған. Олардың арасында инсталляция, кескіндеме, графика бар. Бұл суретшінің оныншы жеке көрмесі.

«Мен ана сүтімен халқымыздың мәдени құндылықтарын сіңіріп, өскен қазақ отбасында дүниеге келдім. Бұл туралы ойлана отырып, мен қазақ әйелінің жинақталған бейнесінде қиын-қыстау заманда өмір сүруге мүмкіндік беретін қасиеттердің шоғыры бар деген қорытындыға келемін» дейді көрме авторы. 

Көрермендердің назарына «Great QAMZOL» және «Аңыз» тақырыптық тұжырымдамасымен үндесетін екі инсталляция ұсынылды. Бұл жұмыстарда әйел бейнесі күш пен төзімділіктің иесі ретіндегі бейнеленген.

«Бұл инсталляцияны жасау үшін мені өмірдегі ерен еңбегімен таң қалдыратын әйелдер шабыттандырды. Менің жолымда олар кездейсоқ кездескен жоқ деп ойлаймын. Олардың барлығы батылдық, жоғары рухани және сонымен бірге биязылық, терең даналық пен жанқиярлық қасиеттердің үлгісі. Мен бұл кездесулер үшін тағдырыма алғысым шексіз. Мен олардың бейнелерін ақ кенептерге түсіргім келді. Қазақ халқының түс символизмінде ақ түс – жоғары әлемнің түсі, тазалық пен сенімнің түсі. Дәп осы ақ матадан қазақ шеберлері әйелдердің бас киімі – кимешекті тіккен, - дейді Гүлмарал Амангелдіқызы.

Бұл кескіндерді жасау үшін суретші цианотип техникасын қолданады. Гүлмаралды қайың қабығының бай құрылымы, түрлі-түсті реңктері, оның кең сәндік мүмкіндіктері шабыттандырады.

Гүлмарал өзінің шығармашылығы арқылы ата-бабаларының басына түскен сұрапыл тағдырының тарихын жеткізуге тырысады.

Тәтібаеваның шығармалары республикамыздың, таяу және алыс шет елдердің музейлерінде және жеке коллекцияларында сақтаулы. Көрме 2023 жылғы 7 маусымға дейін жалғасады.