Алматыда ALMATY URBAN FEST 2022 фестивалінің гранд-финалы өтеді

Алматыда  ALMATY URBAN FEST 2022 фестивалінің гранд-финалы өтеді
Сурет: Olympic.kz

17 қыркүйекте Алматы қаласында Almaty Urban Fest 2022 урбанистік және экстремалды спорт түрлері фестивалінің гранд-финалы өтеді.

Бұған дейін 27 тамыз күні 10 спорт түрінен іріктеу турлары өтіп, жарысқа 1100-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

«Алматы Арена» спорт кешенінде жарыстың шешуші күні жүлделі орынға жас скейтерлер, роллерлер, самокатшылар, BMX сайыпқырандары, баскетболшылар, бишілер, армрестлинг пен воркаут шеберлері, трейсерлер мен Dota 2 бойынша киберспортшылар жүлделі орынға таласады. Гранд-финал жарысында жалпы саны 500-ге жуық спортшы бақ сынайды.    

Биыл Almaty Urban Fest іс-шарасы Алматы қалалық спорт басқармасының бастамасымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Мақсаты – жастар арасында танымал заманауи спорт түрлерін қолдау және дамыту. Фестиваль бағдарламасы 2019 және 2021 жылдармен салыстырғанда іріктеу турлары, сондай-ақ киберспорт және паркур сынды спорт түрлері арқылы кеңейді.

Шараға қатысушылар мен қонақтар финал күні арт-инсталляция кештері мен шығармашылық байқауларды тамашалай алады.  Жарыс аяқталған соң көрермендерді мерекелік бағдарлама күтеді.  

Гранд-финал сағат 9:00-де бастау алып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 18:30-да өтеді. Жанкүйерлер мен қатысушыларға арналған мерекелік бағдарлама 20:00-де басталады. Фестивальға кіру тегін.