Алматы облысында 53 мектеп салу жоспарлануда

Алматы облысында  53 мектеп салу жоспарлануда
www.gov.kz

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алматы облысында 2025 жылға дейін 54 600 оқушыға арналған 53 мектеп салу жоспарлануда. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің облыстық мәслихат депутаттарымен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Қазіргі уақытта өңірде 1760 білім беру ұйымы, оның ішінде 429 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында биыл 15 570 оқушыға арналған 16 мектептің құрылысы басталды. Биыл 1 қыркүйекте пайдалануға берілген 9 мектептің 6-уы білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен салынды. Сонымен қатар, сапар аясында Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен тағы 5 мектеп салу туралы шешім қабылданды.

«Біздің міндетіміз — өскелең ұрпақты қауіпсіз және жайлы ортада жан-жақты дамытуды қамтамасыз ету. Министрлік өз тарапынан негізгі мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы органды қолдауға дайын. Білім беру инфрақұрылымын дамытумен қатар оқыту сапасын арттырып, тәрбие жұмыстарын күшейтуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Сонымен қатар, биыл 102 пәндік кабинет сатып алынып, 78 мектеп жаңғыртудан өтті. Жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тағы екі мектептің құрылысы жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, 2023-2024 оқу жылында 132 мың оқушы орнына арналған 154 жаңа мектеп іске қосылады. Бұл 12 апаттық және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге ықпал етеді.